«Елең-алаң»: қайта басылған роман еліміздің жоғары оқу орындарына жолданды

«Елең-алаң»: қайта басылған роман еліміздің жоғары оқу орындарына жолданды

«Елең-алаң»: қайта басылған роман еліміздің жоғары оқу орындарына жолданды

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне көрнекті қазақ жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың «Елең-алаң» романының 110 данасы табысталды.

Жалпы кітаптың 8 100 данасы жарық көрді. Оның 110 данасы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне, 100 данасы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына берілді, қалған бөлігі еліміздің университеттері арасында үлестіріледі.

«Елең-алаң» романы – Әбілқайыр хан дәуірі мен қазақ халқының тарихи тағдырын айқындаған кезеңдерді арқау еткен қазақ әдебиетіндегі маңызды туындылардың бірі. Шығармада ел басқару, халық алдындағы жауапкершілік, ұлттық бірлік пен тарихи таңдау мәселелері терең көрініс тапқан.

Жоба көп жылдан бері білім беру және мәдени бастамаларды қолдап келе жатқан, әлеуметтік маңызы бар әдебиеттердің жарық көруіне атсалысып, кітап оқу мәдениетінің дамуына үлес қосып жүрген Bank CenterCredit қолдауымен жүзеге асырылды. «Елең-алаң» романының қайта басылып шығуы – осы игі дәстүрдің жалғасы.

«Әбіш Кекілбаевтың «Елең-алаң» шығармасын Қазақстан университеттеріне тарту ету – ұлттық рухани мұрамызды сақтау мен насихаттауға қосылған маңызды үлес. Бұл кітаптар студенттердің халқымыздың тарихын, құндылықтары мен рухани бағдарларын тереңірек түсінуіне мүмкіндік береді. Әлеуметтік жауапкершілік танытып, білім саласын қолдағаны үшін Bank CenterCredit-ке алғысымды білдіремін. Бұл бастама жастардың ұлттық әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, елдің зияткерлік әлеуетін нығайтуға ықпал етеді деп сенемін», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов.

Еліміздің жоғары оқу орындарына жолданған кітаптар студенттерге Қазақстанның бай әдеби мұрасын тереңірек танып-білуге, сыни ойлау қабілетін дамытуға және рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтуға қосымша мүмкіндік береді.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі әлеуметтік жауапкершілік танытып, білім беру бастамаларын қолдағаны үшін алғыс білдіреді. Мұндай жобалар мемлекет пен бизнестің білімді, мәдениетті және кітап оқу мәдениетін дамыту жолындағы тиімді ынтымақтастығының жарқын үлгісі.

«Қазақ әдебиетін сақтау мен насихаттауға өз үлесімізді қосып жатқанымызға қуаныштымыз. Тарих пен тарихи кітаптар – әрқайсымызға қажет іргелі білім. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі университет студенттері халқымыздың тарихын осы бір маңызды кезеңімен қызығушылықпен танысады деп сенеміз», – деді Bank CenterCredit вице-президенті Нұрлан Шегебаев.

Аталған бастама жастардың ұлттық әдебиет пен тарихқа қызығушылығын арттырып, елдің зияткерлік әлеуетін дамытуға өз үлесін қосады деп күтіледі.