Қазақстандық ғалым өнеркәсіптік қауіпсіздікке цифрлық технологияларды енгізуде

Қазақстандық ғалым өнеркәсіптік қауіпсіздікке цифрлық технологияларды енгізуде

Қазақстандық ғалым өнеркәсіптік қауіпсіздікке цифрлық технологияларды енгізуде

Бүгінде қазақстандық ғылым іргелі зерттеулерді, заманауи технологиялар мен экономиканың түрлі салаларына арналған практикалық шешімдерді ұштастыра отырып, қарқынды дамып келеді. Отандық ғалымдар өнеркәсіпті дамытуға, цифрландыру мен инженерлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып, ел ішінде де, халықаралық деңгейде де сұранысқа ие жобаларды жүзеге асырып келеді. «Қазақстандық ғалымдарды білесіз бе?» айдарында ғылымның дамуына және өндіріске инновацияларды енгізуге ықпал етіп жүрген мамандар туралы баяндаймыз.

Осындай ғалымдардың бірі – Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің қауымдастырылған профессоры (доцент) Наиль Низаметдинов.

Наиль Фаритович Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде «Маркшейдерлік іс және геодезия» мамандығы бойынша білім алып, карьер борттарын мониторингтеу тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған. Университеттегі еңбек жолында оқытушыдан кафедра доцентіне дейінгі кәсіби сатылардан өтіп, инженерлік нысандардың тұрақтылығын бақылау мен өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында өзіндік ғылыми бағыт қалыптастырды.

Қазіргі таңда ғалым карьер борттарының тұрақтылығын бақылауға және күрделі инженерлік құрылыстарды, соның ішінде гидротехникалық нысандарды мониторингтеуге бағытталған зерттеулермен айналысып келеді. Өз жұмысында ол ұшқышсыз ұшу аппараттарын, лазерлік сканерлеуді және геокеңістіктік деректерді интеграциялай отырып, Жерді қашықтан зондтау әдістерін қолданады. Мұндай технологиялар ықтимал қауіпті үдерістерді болжауға, деформацияларды дер кезінде анықтауға және апатты жағдайлардың алдын алу үшін инженерлік шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Қазір Наиль Низаметдинов ұшқышсыз ұшу аппараттары мен Жерді қашықтан зондтау технологияларын пайдалана отырып, стратегиялық маңызды гидротехникалық нысандарды мониторингтеудің әдістемелік тәсілдерін әзірлеуге арналған ғылыми жобаны басқарып отыр. Зерттеу тобы нысандардың жай-күйін күрделі мәселелер туындағанға дейін алдын ала бағалауға мүмкіндік беретін жүйе құру бағытында жұмыс істеп келеді. Алынған нәтижелер бақылаудың дәлдігі мен жеделдігін едәуір арттыруға болатынын көрсетіп отыр. Бұл әсіресе қателіктің салдары өте жоғары болатын нысандар үшін аса маңызды.

Ә.Сағынов атындағы ҚарТУ Қазақстанның ірі тау-кен өндірісі кәсіпорындарымен белсенді ынтымақтастық орнатқан. Бұл ғылыми әзірлемелерді өндірістік жағдайда сынақтан өткізуге мүмкіндік береді. Ғалымның кәсіби дамуына халықаралық тәжірибе де маңызды әсер етті: Наиль Низаметдинов Leica Geosystems AG және Wingtra AG компанияларында тағылымдамадан өтіп, геодезия мен ұшқышсыз жүйелердің заманауи технологияларын меңгерді. Оның айтуынша, ғылымды, өндірісті және халықаралық технологияларды ұштастыру ең тиімді нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Отандық ғылымның болашағы туралы сөз қозғаған Наиль Низаметдинов қазақстандық зерттеулердің басты артықшылығы олардың практикалық бағыттылығында, әсіресе техникалық және инженерлік салаларда екенін атап өтті. Ғалымның пікірінше, ғылымның даму әлеуеті цифрлық технологияларды енгізумен, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтумен және инженерлік міндеттерді шешуге жаңа идеялар мен заманауи көзқарас алып келетін жас мамандарды қолдаумен тығыз байланысты.