
Қазақстандағы Ұлыбританияның елшісі Салли Аксуорси университетке жұмыс сапарымен келді. Кездесу барысында ол университеттің ғылыми-зерттеу әлеуетімен, халықаралық академиялық серіктестік бағыттарымен және заманауи инфрақұрылымымен танысты. Сонымен қатар білім алушылармен кездесіп, академиялық ұтқырлық, Ұлыбританиядағы тағылымдамалар және бірлескен ғылыми-зерттеу жобалары мәселелерін талқылады.
Ректор Лаура Қарабасова Heriot-Watt кампусының білім беру жүйесі Ұлыбританияның жоғары білім беру стандарттарына сәйкес екендігін атап өтті. Сондай-ақ университеттің халықаралық серіктестік байланыстарды кеңейтуге және жаңа академиялық серіктестік жобаларды жүзеге асыруға әрдайым ашық екендігін жеткізді.
Салли Аксуорси алдағы уақытта білім алушылардың сұранысын ескере отырып, Қазақстандағы британдық өндірістік кәсіпорындарда тәжірибеден өту мүмкіндіктерін кеңейтуге жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Heriot-Watt университетінің Ақтөбедегі кампусы «Электр энергетикасы», «Компьютерлік инженерия», «Мұнай инженериясы және энергия менеджменті» бағыттары бойынша білім береді. Дәрістерді Шотландия, Дубай, Малайзиядан келген жоғары білікті оқытушылар мен халықаралық жоғары оқу орындарының түлектері жүргізеді.
Қазіргі таңда кампуста 500-ден астам студент білім алады. Олардың қатарында Қазақстанның әр өңірінен, соның ішінде республикалық маңызы бар қалалардан, ауылдық жерлерден, көрші мемлекеттерден және алыс шетелдерден келген студенттер бар.
Ақтөбедегі кампустың артықшылығы – студенттердің GoGlobal академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Дубай, Малайзия және Эдинбургтағы кампустарда бір семестр білім алуға мүмкіндігі бар. 2024-2025 оқу жылында 12 білім алушы Малайзияда, 4 білім алушы Эдинбургта оқып келсе, 2025-2026 оқу жылының бірінші жартыжылдығында Малайзияда 14 студент білім алды.
Heriot-Watt түлегі оқуды бітірген соң британдық және мемлекеттік үлгідегі қос диплом алады. Бұл оның бәсекеге қабілетті кадр ретінде еңбек нарығындағы рөлін айшықтайды.