
Қырғызстан астанасында Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің ғылым және техника министрліктері мен ведомстволары басшыларының оныншы отырысы өтті.
Отырыста ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің делегациялары қатысты, атап айтқанда: Беларусь Республикасы, Үндістан Республикасы, Иран Ислам Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Қырғыз Республикасы, Пәкістан Ислам Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы.
Қазақстан Республикасынан аталған іс-шараға Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министрі Көбенова Гүлзат Ізбасарқызы қатысты. Бұл Қазақстанның ШЫҰ шеңберіндегі көпжақты ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытуға белсенді қатысуын айқындады.
Отырыс барысында қатысушы мемлекеттер ғылыми-техникалық саясаттың негізгі бағыттарын, бірлескен зерттеу жобаларын іске асыру перспективаларын, сондай-ақ ғылым, технология және инновациялар саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту шараларын талқылады. Халықаралық ғылыми кооперацияны нығайтуға, бірлескен бағдарламаларды дамытуға және қаржыландырылатын ғылыми-технологиялық бастамаларды енгізуге ерекше назар аударылды.
Отырыс нәтижесінде ШЫҰ-ның «Жасыл технологиялық дәлізін» қалыптастыру бағдарламасының жобасы келісілді. Бұл бастама экологиялық бағыттағы технологияларды дамытуға және мүше мемлекеттер арасындағы орнықты ғылыми-техникалық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Сондай-ақ қатысушылар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің бірлескен ғылыми-зерттеу жобалары бойынша бірінші конкурстың нәтижелерін құптап, мұндай бастамаларды жалғастыруға дайын екендігін білдірді.
Отырыс қорытындысы бойынша ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ғылым және техника министрліктері мен ведомстволары басшыларының он бірінші отырысын Пәкістан Ислам Республикасында өткізу туралы шешім қабылданды.