Ualikhanov University-де Күміс университеттің бесінші маусымы аяқталды

Ualikhanov University-де Күміс университеттің бесінші маусымы аяқталды

Ualikhanov University-де Күміс университеттің бесінші маусымы аяқталды

Ualikhanov University-де ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып келе жатқан аға буын өкілдеріне арналған білім беру жобасы – Күміс университеттің бесінші оқу маусымының жабылу салтанаты өтті.

Жоба өмір бойы білім алу қағидаттарын ілгерілетуге, белсенді ұзақ өмір сүруді қолдауға және егде жастағы азаматтардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға бағытталған. Өз жұмыс жылдарында Күміс университет тұлғалық дамуға, қарым-қатынас орнатуға және жаңа білім мен дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды.

Ағымдағы оқу жылында 17 білім беру бағдарламасы бойынша 138 тыңдаушы білім алды. Оқу курстары цифрлық технологиялар, шетел тілдері, шығармашылық қабілеттерді дамыту, дене белсенділігі, когнитивтік даму және салауатты өмір салтын қалыптастыру секілді кең ауқымды бағыттарды қамтыды.

Маусымның басты жетістіктерінің бірі – жаңа білім беру бағдарламаларының енгізілуі болды. Тыңдаушылар «Когнитивтік функцияларды дамыту» және «Күнделікті өмірдегі жасанды интеллект» курстарын меңгеріп, заманауи технологиялар мен цифрлық сауаттылық саласында практикалық білім алды.

Жоба аясында денсаулық пен өмір сапасы мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Жыл бойы тыңдаушылар университеттің ғылыми-зерттеу қызметі аясында Ualikhanov University Жоғары медицина мектебі мамандарының кеңесін алып, кешенді диагностикалық тексерулерден өтті.

Жобаны дамытудың маңызды бағыттарының бірі халықаралық ынтымақтастықты кеңейту болды. Күміс университеттің тәжірибесі шетелдік серіктестерге таныстырылып, үшінші жастағы білім беру саласындағы халықаралық ұйымдармен өзара байланыс нығайтылды. Сонымен қатар Ualikhanov University Үшінші жастағы университеттердің халықаралық қауымдастығының Бас ассамблеясының құрамына енді.

Бүгінде Ualikhanov University-дің Күміс университеті тек білім беру алаңы ғана емес, белсенді, мазмұнды әрі сапалы өмір сүру кеңістігіне айналды. Жоба білімге ұмтылу, тұлғалық даму және белсенді өмірлік ұстанымның жас талғамайтынын айқын көрсетіп отыр.