
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқу орнының 30 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шаралар өтті. Мерейтойлық бағдарлама аясында Лу Бань шеберханасының халықаралық орталығы ашылып, мемлекет және қоғам қайраткерлері, шетелдік серіктестер, ғалымдар мен түлектер қатысқан Ғылыми кеңестің кеңейтілген салтанатты отырысы ұйымдастырылды.
Жиын барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, сондай-ақ Ресей, Беларусь және Әзербайжан президенттерінің құттықтау хаттары оқылды.
Мемлекет басшысының құттықтауын ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек оқып берді.
«Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары іргесі қаланған беделді оқу орны мыңдаған білікті маман даярлап, ұлт сапасын арттыру ісіне орасан зор үлес қосты. Университет ұжымы білімді, жасампаз, отаншыл жастардың тұтас буынын тәрбиелеп, мемлекеттігімізді нығайтуға мол еңбек сіңірді. Бүгінде ұлттық ғылым ордасының түлектері түрлі салада жемісті еңбек етіп, Қазақстанның өсіп-өркендеуіне белсене атсалысып келеді. Университет ғалымдары мен профессорлары көптеген іргелі зерттеулер жүргізіп, қазақ ғылымының көкжиегін кеңейту жолында аянбай еңбек етіп жүр», – делінген құттықтау хатта.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау сөзінде:
«Бүгінде Еуразия ұлттық университеті – тәуелсіздікпен бірге түлеп, егемен еліміздің интеллектуалдық әлеуетін қалыптастырып отырған жетекші ғылыми-білім беру орталығы. Университет қабырғасында қаншама жас сапалы білім алып, ғылым жолына қадам басып, ел болашағына қызмет ететін білікті маман ретінде қалыптасады. Университеттің әлемдік және азиялық рейтингтердегі жоғары көрсеткіштері – ұжымның кәсібилігі мен сапалы білімге деген ұмтылысының нақты дәлелі. QS рейтингінде әлемнің үздік университеттері қатарынан орын алуы, Азияның таңдаулы жоғары оқу орындарының тізіміне енуі – оқу орнының халықаралық беделінің айқын көрсеткіші деп білемін», – делінген.
Сонымен қатар университет ұжымына Парламент депутаттары, дипломатиялық корпус өкілдері, шетелдік серіктестер, қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының ректорлары және ЕҰУ түлектері құттықтау сөздерін жолдады.
Мерейтой аясындағы маңызды шаралардың бірі – Лу Бань шеберханасының халықаралық орталығын ашу рәсімі болды. Бұл орталық Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жоғары білікті техникалық кадрлар даярлауға бағытталған Қазақстан мен Қытайдың бірлескен инновациялық жобасы саналады.
Жоба Тяньцзинь кәсіптік институтымен бірлесіп жүзеге асырылған. Орталық техникалық және IT-білім беруді дамытуға, сондай-ақ жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласындағы мамандар даярлауға бағытталған. Сонымен бірге халықаралық тәжірибе алмасуды кеңейтіп, университеттің инновациялық экожүйесін дамытуға мүмкіндік береді.
Шеберхананы аралау барысында қонақтарға автоматтандырылған өндірістік желілер, жоғары өнімді есептеу жүйелері, ұшқышсыз технологиялар, компьютерлік көру жүйелері және робототехника зертханалары таныстырылды. ЕҰУ студенттері мен IT-мамандары жасанды интеллект бағытындағы жобаларын ұсынды. Олардың қатарында үлкен тілдік модельдер негізіндегі білім беру платформасы, зағип жандарға арналған навигациялық жүйе, кескіндерді интеллектуалды талдау технологиялары, Industrial AI және өзге де инновациялық әзірлемелер бар.
30 жылдық мерейтой аясында университет аумағында студенттерді, оқытушыларды, түлектер мен қонақтарды біріктірген мәдени-көпшілік іс-шаралар да ұйымдастырылды.
Бүгінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақстан мен Орталық Азиядағы жетекші зерттеу университеттерінің бірі саналады. Университетте 27 мыңнан астам студент білім алады, ал оқу және ғылыми үдерісті шамамен 3 мың оқытушы мен қызметкер қамтамасыз етеді. ЕҰУ 200-ден астам білім беру бағдарламасын жүзеге асырып, жасанды интеллект, инженерия, ядролық физика, биотехнология және басқа да бағыттар бойынша халықаралық ынтымақтастық пен ғылыми зерттеулерді белсенді дамытып келеді. QS World University Rankings 2026 жылғы нәтижесіне сәйкес, ЕҰУ әлемнің үздік университеттері қатарында 317-орынға ие болды.