
ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова мен Қырғыз Республикасының Ғылым, жоғары білім және инновациялар министрі Гүлзат Исаматова әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Бішкектегі филиалына барып, оның оқу және ғылыми қызметімен танысты.
Филиал директоры Жамин Шейшенов пен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ғылым және инновациялық қызмет департаментінің директоры Қуаныш Тастамбек қонақтарға заманауи аудиторияларды, зертханаларды, ғылыми алаңдарды, сондай-ақ студенттер мен оқытушыларға жасалған жағдайларды көрсетті. ҚазҰУ басшылығы Бішкекте жүзеге асырылып жатқан білім беру бағдарламалары мен халықаралық жобалар туралы ақпарат берді.
Сонымен қатар студенттер және оқытушылармен кездесу өтті. Қатысушылар ғылым мен жоғары білімді дамыту, білікті мамандар даярлау, академиялық алмасу және екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Әсіресе Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы білім және ғылым салаларындағы байланысты нығайтуға ерекше назар аударылды. Сондай-ақ тараптар бірлескен ғылыми және білім беру жобаларын жүзеге асыру, академиялық ұтқырлықты дамыту және жоғары білім беру жүйесіне жаңа тәсілдерді енгізу мәселелерін қарастырды.
Сапар қорытындысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Бішкектегі филиалы Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы ғылыми-білім беру және мәдени байланыстарды нығайтуда маңызды рөл атқаратыны атап өтілді.