Абай философиясына негізделген қазақстандық білім беру моделі Азияда үздік деп танылды

Абай философиясына негізделген қазақстандық білім беру моделі Азияда үздік деп танылды

Абай философиясына негізделген қазақстандық білім беру моделі Азияда үздік деп танылды

21 мамыр күні Almaty Management University ұйымдастырған «Tolyq Adam» бағдарламасының Times Higher Education Awards Asia 2026 халықаралық сыйлығының «Teaching and Learning Strategy of the Year» номинациясы бойынша жеңіске жетуіне арналған салтанатты қабылдау өтті.

THE Awards Asia – жоғары білім беру саласындағы үздік тәжірибелерді, инновациялар мен жетістіктерді айқындайтын беделді халықаралық марапат. Оны әлемдік университет рейтингтерін жариялайтын Times Higher Education агенттігі ұйымдастырады.

AlmaU аталған марапатты иеленген Орталық Азиядағы алғашқы жоғары оқу орны болды. Бұл жетістік өңірдегі жоғары білім беру жүйесінің халықаралық деңгейде мойындалуының айқын көрінісі саналады.

Салтанатты жиынды AlmaU президенті Асылбек Қожахметов ашып, университеттің шағын менеджерлер мектебінен халықаралық деңгейде танылған білім беру ұйымына дейінгі даму жолына тоқталды.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Акерке Абылайхан бүгінде мемлекеттік саясат қазақстандық жоғары оқу орындарының жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталғанын айтты.

AlmaU Қамқоршылар кеңесінің мүшесі әрі БҰҰ-ның Қазақстандағы Жаһандық шартының өкілі Динара Сейтжапарова білім беру жүйесін дамытудағы мәдени бірегейліктің рөліне ерекше тоқталды.

Іс-шара барысында Абай Құнанбайұлының «Толық адам» тұжырымдамасына негізделген және трансформациялық оқыту моделін қамтитын бағдарламаның негізгі нәтижелері таныстырылды. Сегіз курстан тұратын бағдарлама жыл сайын мыңнан астам студентті қамтиды. Бағдарлама аясында студенттер бизнес құрылымдармен, үкіметтік емес ұйымдармен және білім беру мекемелерімен серіктестікте 100-ден астам әлеуметтік, экологиялық және кәсіпкерлік жобаларды жүзеге асырған.

Бағдарламаны талқылау аясында панельдік пікірталас ұйымдастырылып, оған қазақ мифологиясын зерттеуші, жазушы Зира Наурызбай қатысты.

Іс-шараның шарықтау сәтінде академиялық және кәсіби жетістіктерімен ерекшеленіп, Қазақстанның дамуына үлес қосып жүрген дарынды талапкерлерге үш білім беру гранты табысталды.