
Yessenov University-де Теңіз академиясының жаңа оқу ғимаратының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, мемлекеттік органдардың өкілдері, ғылыми қауымдастық мүшелері, салалық ұйымдар, профессор-оқытушылар құрамы, студенттер және теңіз саласының ардагерлері қатысты.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің алғашқы отырысында:
«Өңірлерде академиялық басымдық орталықтарын, оның ішінде технопарктерді, инженерлік хабтар мен зертханаларды құру міндетін қоямын. Бұл ретте өңірлік ерекшеліктерді, сондай-ақ ғылыми-технологиялық және экономикалық дамудың басымдықтарын ескеру маңызды», – деп атап өткен болатын.
Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы Yessenov University жанындағы Теңіз академиясы базасында Қазақстанның теңіз саласындағы жетекші білім беру және ғылыми орталығы ретінде академиялық басымдық орталығын құру жобасының стратегиялық негізіне айналды.
«Yessenov University Теңіз академиясының жаңа оқу ғимаратының ашылуы – Қазақстанның теңіз саласындағы кадрлық және ғылыми әлеуетін нығайтудағы маңызды қадам. Халықаралық озық технологиялармен және заманауи симуляциялық жүйелермен жабдықталған білім беру инфрақұрылымы елімізде де, халықаралық деңгейде де сұранысқа ие жоғары білікті мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Осындай жобаларды жүзеге асыру қолданбалы ғылымды дамытуға, технологиялар трансфертін ілгерілетуге және отандық жоғары білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов.
Теңіз саласындағы академиялық басымдық орталығы жобасы Еуропа мен Азия арасындағы халықаралық сауданың негізгі бағыттарының біріне айналып келе жатқан Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту үшін стратегиялық маңызға ие. Академия Орта дәліздің порттық, кеме қатынасы және логистикалық инфрақұрылымы үшін кадрлар даярлауды, қолданбалы зерттеулерді дамытуды, көлік үдерістерін цифрландыруды және теңіз саласына инновациялық шешімдерді енгізуді қамтамасыз етеді.
Ақтау қаласы – Қазақстанның стратегиялық теңіз қақпасы. Өңірде 30-дан астам кеме қатынасы компаниясы жұмыс істейді және 2000-нан астам теңізші еңбек етеді. Халықаралық деңгейдегі жеке кадрлық резервті қалыптастыру – елдің теңіз индустриясын тұрақты дамытудың маңызды шарты.
Yessenov University-дің жеке қаражаты есебінен салынған, жалпы аумағы 4600 шаршы метр болатын жаңа үш қабатты оқу ғимараты 900 білім алушыға арналған.
Теңіз академиясын дамытудағы маңызды бағыттардың бірі – ғылыми-технологиялық инфрақұрылымды халықаралық деңгейдегі заманауи теңіз симуляторларымен жабдықтау. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруы аясында жүзеге асырылып жатқан «Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы теңіз операцияларының тиімділігі мен экологиялық тұрақтылығын арттыруға арналған кешенді энергия үнемдеу технологияларын әзірлеу» жобасы бойынша Kongsberg компаниясының заманауи навигациялық және инженерлік симуляторлары сатып алынды.
Қазіргі таңда Теңіз академиясында 350 студент білім алады. Мамандар даярлау бакалавриаттың 6 білім беру бағдарламасы және магистратураның 4 білім беру бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады. Атап айтқанда, кеме жүргізу, кеме энергетикалық қондырғыларын пайдалану, кеменің электр жабдықтары мен автоматика құралдарын пайдалану, порттар мен көлік терминалдарының тиеу-түсіру жабдықтарын пайдалану, теңіз техникасы мен технологиялары, су көлігін басқару, машина жасау, көлік логистикасы, көлік және көлік техникасы бағыттары қамтылған.
Жаңа кешеннің инфрақұрылымына әскери кафедра студенттерін даярлауға арналған саптық алаң, қарауыл қалашығы және заманауи кедергілер жолағы кіреді. Ашылу күні 130-дан астам курсант әскери ант қабылдады.
Теңіз академиясы базасында академиялық басымдық орталығын құру жобасын іске асыру университеттің ғылыми-білім беру және өндірістік базасын нығайтуға, білім алушылардың практикалық құзыреттерін кеңейтуге, әскери және теңіз білімінің сапасын арттыруға, елді білікті кадрлармен қамтамасыз етуге, ғылыми зерттеулерді коммерцияландыруды дамытуға және университет пен Маңғыстау облысының халықаралық деңгейдегі танымалдығын арттыруға мүмкіндік береді.