АЛТЫН ОРДА ДӘУІРІНІҢ СИРЕК АРТЕФАКТІ ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙГЕ ТАБЫСТАЛДЫ

АЛТЫН ОРДА ДӘУІРІНІҢ СИРЕК АРТЕФАКТІ ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙГЕ ТАБЫСТАЛДЫ

АЛТЫН ОРДА ДӘУІРІНІҢ СИРЕК АРТЕФАКТІ ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙГЕ ТАБЫСТАЛДЫ

21 мамыр күні Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті ҚР Ұлттық музейіне бірегей тарихи құндылық – Алтын Орда дәуіріне жататын салтанатты әйел халатын ресми түрде тапсырды.

Бұл сирек кездесетін артефакт Болған ана кесенесін қазу жұмыстары барысында табылған. Аталған кесене нысанын қазақстандық археолог Айбар Қасенали зерттеген. Табылған құнды жәдігер 2019 жылы университет қорына қабылданған болатын.

Бірнеше жыл бойы Археологиялық зерттеулер институтының «UMAI» мәдени мұраны консервациялау және реставрациялау халықаралық зертханасының мамандары бірегей тоқыма бұйымды жан-жақты зерттеу, консервациялау және ұзақ мерзімді сақтау бағытында кешенді ғылыми жұмыстар жүргізді. Бұл жәдігер Жошы Ұлысы элитасына тиесілі мәдени қабатпен байланысты аса құнды тарихи дерек ретінде қарастырылады.

Зерттеу жұмыстары археолог-реставратор Тетяна Крупаның жетекшілігімен жүзеге асырылды. Ғалымдар халаттың технологиялық ерекшеліктерін терең талдап, оның дайындалу әдістері мен қолданылған материалдарын ғылыми тұрғыда зерделеді. Нәтижесінде артефактінің дәлме-дәл ғылыми реконструкция-көшірмесі жасалып, түпнұсқаны сақтау мақсатында толық консервациялық шаралар кешені орындалды. Бүгінде бұл реконструкция Ұлытау музейінің экспозициясында маңызды орын алып отыр.

Болған ана кесенесінен табылған текті әйелге тиесілі халаттың ғылыми реконструкциясы Астанада 19-20 мамыр күндері Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өткен «Алтын Орда – дала өркениетінің моделі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиум аясында негізгі экспонаттардың бірі ретінде ұсынылды.

Халықаралық форумға қатысқан отандық және шетелдік ғалымдар мен сарапшылар павлодарлық зерттеушілердің атқарған жұмысын жоғары бағалап, оның ғылыми және мәдени маңыздылығын ерекше атап өтті.