Алтын Орда мұрасын зерттеу жолында халықаралық симпозиум әлем ғалымдарын біріктірді

Алтын Орда мұрасын зерттеу жолында халықаралық симпозиум әлем ғалымдарын біріктірді

Алтын Орда мұрасын зерттеу жолында халықаралық симпозиум әлем ғалымдарын біріктірді

Астанада ЮНЕСКО қамқорлығымен өткен «Алтын Орда – дала өркениетінің моделі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиум өз жұмысын аяқтады. Ауқымды ғылыми форум Алтын Орда мұрасы мен Ұлы дала өркениетін кешенді зерттеуге арналған ең ірі халықаралық алаңдардың біріне айналды.

Симпозиумның екінші күні әлемнің әртүрлі елдерінен келген жетекші тарихшыларды, археологтарды, шығыстанушыларды, генетиктерді, деректанушыларды және ортағасырлық Еуразияны зерттеушілерді біріктірген тақырыптық секциялардың жұмысына арналды. Қатысушылар дипломатиялық дәстүрлер мен сауда-экономикалық байланыстардан бастап археологиялық жаңалықтар мен Ұлы дала халықтарының заманауи генетикалық зерттеулеріне дейінгі кең ауқымды мәселелерді талқылады.

 

Негізгі секциялардың бірі «Алтын Орда аймақтарының тарихы. Алтын Орданың дипломатиялық дәстүрлері мен сыртқы саясаты» тақырыбына арналды. Оның аясында ғалымдар Алтын Орда кеңістігіндегі түрлі өңірлердің тарихи даму ерекшеліктерін, ұлыстардың, қалалық орталықтар мен шет аймақтардың мемлекеттілікті нығайтудағы рөлін қарастырды. Сонымен қатар Алтын Орданың ғасырлар бойы тұрақтылығы мен тұтастығын қамтамасыз еткен саяси, экономикалық және мәдени үдерістерге ерекше назар аударылды.

Талқылаулардың елеулі бөлігі ортағасырлық мемлекеттің дипломатиялық мәдениетіне арналды. Зерттеушілер елшілік тәжірибелерді, мемлекетаралық қатынастардың шарттық-құқықтық тетіктерін, вассалдық-сюзерендік байланыстар жүйесін, сондай-ақ Алтын Орданың ортағасырлық Еуразияның халықаралық саясатындағы орнын саралады. Қатысушылардың пікірінше, дамыған дипломатиялық коммуникациялар жүйесі Алтын Орданың Шығыс пен Батыс арасындағы маңызды байланыстырушы буынға айналуына мүмкіндік берген.

 

«Алтын Орда археологиясы және мәдени мұра нысандарын қорғау. Ұлы дала халықтарының популяциялық генетикасының өзекті мәселелері» секциясы аясында Алтын Орда дәуіріне жататын ескерткіштер бойынша заманауи археологиялық зерттеулердің нәтижелері, жаңа ғылыми олжалар мен оларды интерпретациялаудың жаңа тәсілдері таныстырылды. Қатысушылар тарихи-мәдени мұра нысандарын сақтау, қалпына келтіру және қорғау мәселелерін талқылап, бұл саладағы жүйелі мемлекеттік саясаттың маңыздылығын атап өтті.

Ғалымдар Ұлы дала халықтарының қазіргі этногенетикалық және популяциялық-генетикалық зерттеулеріне де ерекше назар аударды. Пікірталастар барысында ежелгі және заманауи ДНҚ талдауларының нәтижелері, генетикалық-генеалогиялық модельдер, көші-қон және этногенез үдерістері қарастырылды. Сарапшылар генетика, археология, тарих және деректану мәліметтерін ықпалдастыру Еуразия халықтарының шығу тегі мен тарихи дамуын зерттеуде жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.

 

«Алтын Орда деректануы. Алтын Орданың сауда-экономикалық жүйесі және нумизматика мәселелері» секциясында мемлекеттің сауда-экономикалық жүйесінің жұмыс істеу тетіктері, трансевразиялық сауда жолдарының дамуы, қалалық экономика мен ортағасырлық дала мемлекетінің қаржы институттары талқыланды.

Қатысушылар арасында ақша айналымын, теңге сарайларының қызметін және Алтын Орданың Еуразия мемлекеттерімен экономикалық байланыстарының ауқымын қалпына келтіруге мүмкіндік беретін нумизматикалық зерттеулер ерекше қызығушылық тудырды. Сонымен қатар ғалымдар жазба, археологиялық, эпиграфикалық және картографиялық деректердің кең ауқымын, сондай-ақ оларды талдау мен интерпретациялаудың заманауи әдістерін қарастырды.

 

«Алтын Орда – Еуразиядағы көшпелі және отырықшы өркениеттер байланысының тарихи моделі» атты сессия барысында зерттеушілер Алтын Орданы көшпелі мәдениет дәстүрлерін, дала қоғамының мобильдігін және саяси-экономикалық ұйымдасудың дамыған формаларын біріктірген бірегей өркениеттік модель ретінде талқылады.

Қатысушылар Алтын Орда тәжірибесінің көшпелі өркениеттердің даму заңдылықтарын түсіну, мәдениетаралық диалогты қалыптастыру және Шығыс пен Батыс арасындағы тарихи байланыстарды зерделеу тұрғысынан ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Сонымен қатар басқару, сауда, мәдени алмасу және Ұлы дала кеңістігіндегі коммуникациялар мәселелері де назарда болды.

 

Симпозиум қорытындысы бойынша қатысушылар ғылыми пікірталастардың жоғары деңгейін, ұсынылған зерттеулердің пәнаралық сипатын және Алтын Орданың тарихи-мәдени мұрасын зерттеудегі халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті. Форум тәжірибе алмасуға, жаңа ғылыми тәсілдерді қалыптастыруға және әртүрлі елдердің зерттеу орталықтары мен ғалымдары арасындағы өзара байланысты нығайтуға арналған маңызды алаңға айналды.