Алтын Орда мұрасы әлемдік ғылым назарында: Астанада дала өркениетін зерттеудің жаңа бағыттары талқыланды

Алтын Орда мұрасы әлемдік ғылым назарында: Астанада дала өркениетін зерттеудің жаңа бағыттары талқыланды

Алтын Орда мұрасы әлемдік ғылым назарында: Астанада дала өркениетін зерттеудің жаңа бағыттары талқыланды

Астанада ЮНЕСКО қамқорлығымен өтіп жатқан «Алтын Орда – дала өркениетінің моделі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиум аясында тарих, археология, этнология, шығыстану және гуманитарлық ғылымдар саласындағы жетекші зерттеушілердің басын қосқан мамандандырылған ғылыми секциялар өтті. Ірі халықаралық форумға әлемнің 20-дан астам елінен келген 120 шетелдік зерттеушіні қоса алғанда 300-ден астам ғалым қатысты.

Симпозиумның ашылу рәсімі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтті. Пленарлық отырыс барысында Алтын Орда мұрасын зерттеудің Еуразия кеңістігіндегі тарихи үдерістерді түсіну, ұлттық бірегейлікті қалыптастыру және қазіргі тарихи ғылымды дамыту үшін ерекше маңызға ие екені атап өтілді. Сондай-ақ Алтын Орданың Шығыс пен Батыс өркениеттерінің өзара ықпалдастығының бірегей үлгісіне айналып, саяси институттардың, халықаралық сауданың, мәдени алмасу мен өркениетаралық диалогтың дамуына елеулі ықпал еткені айтылды.

Симпозиумның алғашқы күнінде Алтын Орда мұрасын зерттеудің негізгі бағыттарына арналған тақырыптық секциялар ұйымдастырылды. Ғылыми пікірталастар этносаяси үдерістер мен мемлекеттік құрылымнан бастап, мәдени мұра, жазба деректер және тарихи жадты сақтаудың заманауи тәсілдеріне дейінгі ауқымды мәселелерді қамтыды.

«Алтын Орданың этносаяси тарихы» секциясының жұмысы Алтын Орда мемлекетінің қалыптасуы мен даму үдерістерін кешенді талдауға арналды. Қатысушылар саяси жүйенің ерекшеліктерін, басқару тетіктерін, мемлекеттік тұтастықты нығайтудағы әулеттік саясатты талқылады. Сонымен қатар көшпелі және отырықшы қоғамдардың өзара ықпалдастығына, этникалық және конфессиялық трансформацияларға, сондай-ақ Алтын Орданың саяси дәстүрлерінің Еуразия мемлекеттерінің кейінгі дамуына ықпалына ерекше назар аударылды. Талқылаулар барысында ғалымдар Алтын Орданың саяси мәдениеті мен дипломатиялық тәжірибесінің көптеген элементтері кейінгі ғасырлардағы өңірдің тарихи дамуына әсер еткенін атап өтті.

«Алтын Орда мұрасының қазіргі маңызы және зерттеу перспективалары» секциясы аясында ғалымдар тарихи мұраны сақтау мен оны қазіргі заман тұрғысынан қайта зерделеудің өзекті мәселелерін талқылады. Негізгі назар тарихи жадты қалыптастыру, ұлттық бірегейлікті нығайту және Еуразия елдерінің мәдени саясатын дамыту мәселелеріне аударылды. Зерттеушілер тарих, археология, антропология, цифрлық технологиялар мен музей ісін тоғыстыратын пәнаралық тәсілдердің маңызы артып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар қатысушылар ғылыми зерттеу нәтижелерін білім беру бағдарламаларына, музей экспозицияларына және халықаралық гуманитарлық жобаларға енгізу мүмкіндіктерін қарастырды.

Мазмұнды ғылыми пікірталас «Алтын Орданың материалдық және рухани мәдени мұрасы: артефактілер, жазба және ауызша деректер, Ұлы Жібек жолы бойындағы өзара ықпалдастық» секциясында да өрбіді. Зерттеушілер археологиялық қазба жұмыстарының жаңа деректерін, жазба ескерткіштер мен ауызша тарихи дәстүрлерді зерттеу нәтижелерін ұсынды. Ұлы Жібек жолы бойындағы мәдени алмасу, көркемдік дәстүрлердің, діни тәжірибелер мен зияткерлік идеялардың Еуразия халықтары арасында таралу мәселелері ерекше қызығушылық тудырды. Қатысушылар Алтын Орданың тек ірі саяси орталық қана емес, сонымен қатар Шығыс пен Батыстың түрлі мәдени кеңістіктерін байланыстырып отырған маңызды өркениеттік дәнекер болғанын атап өтті.

Секциялар жұмысының қорытындысы бойынша қатысушылар халықаралық симпозиум Жошы ұлысын зерттеу бағытындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, түрлі елдердің ғылыми-зерттеу орталықтары арасындағы байланыстарды нығайтуға және Еуразия халықтарының ортақ тарихи-мәдени мұрасын одан әрі зерделеуге маңызды алаң болатынына сенім білдірді. Сондай-ақ мұндай ғылыми бастамалардың тарихи ғылымды дамытуға ғана емес, халықаралық деңгейдегі мәдениетаралық диалог пен өзара түсіністікті нығайтуға да ықпал ететіні ерекше атап өтілді.