Мемлекет басшысының қатысуымен Алтын Орда мұрасына арналған халықаралық симпозиумның ашылуы өтті

Мемлекет басшысының қатысуымен Алтын Орда мұрасына арналған халықаралық симпозиумның ашылуы өтті

Мемлекет басшысының қатысуымен Алтын Орда мұрасына арналған халықаралық симпозиумның ашылуы өтті

Бүгін, 19 мамыр күні, Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Алтын Орда – дала өркениетінің моделі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумның ашылу рәсімі өтті.

19-20 мамыр аралығында ЮНЕСКО қамқорлығымен өтіп жатқан ауқымды халықаралық форум Жошы ұлысының тарихи мұрасын және оның Орталық Еуразия кеңістігіндегі өркениеттік үдерістердің қалыптасуындағы рөлін жан-жақты зерделеу мақсатында отандық және шетелдік жетекші ғалымдарды, сарапшылар мен халықаралық ғылыми қауымдастық өкілдерін бір алаңға біріктірді.

Симпозиумның мақсаты – Қазақстан Республикасын Алтын Орда мұрасын зерттейтін жетекші халықаралық орталық ретінде таныту, сондай-ақ Жошы ұлысының саяси, экономикалық, мәдени және рухани мұрасын кешенді пәнаралық талдау арқылы Орталық Еуразия өркениеттерін зерттеу саласындағы елдің ғылыми әлеуетін көрсету және оның Еуразиядағы қазіргі интеграциялық үдерістер үшін маңызын айқындау.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық симпозиумда сөйлеген сөзінде Алтын Орданың әлем тарихындағы айрықша орнына тоқталды.

«Алтын Орда – Еуразияның ұлан-ғайыр аумағын еркін жайлап, Ұлы дала төсінде билік құрған қуатты империя болғанына ешқандай тарихшы күмән келтірмейді, бұл – мойындалған тарихи дерек. Алтын Орда Батыс пен Шығысты жалғап, түрлі өркениеттердің дамуына, мемлекеттердің қалыптасуына ерекше ықпал еткен аса ірі саяси құрылым болды. Бұл да – дәлелденген дерек. Сондықтан Алтын Орда тарихы көптеген іргелі зерттеулерге арқау болғаны анық», – деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы халықаралық ғылым қауымдастығымен бірлесе отырып, осы тақырыпты жүйелі әрі жан-жақты зерделеу жұмысын жалғастыру керек екеніне тоқталды. Бұл тұста Қазақстанның бастамасына қолдау көрсеткені үшін ЮНЕСКО басшылығына ризашылығын білдірді.

«Симпозиум Алтын Орда мен Ұлы дала тарихын зерделейтін түрлі мектеп өкілдерінің басын қосып отыр. Бұл – өте маңызды. Ұзақ жылдар бойы осы іргелі тақырыпты індете зерттеген ресейлік ғалымдардың рөлін атап өткен әділетті болар еді. Олар Алтын Орданың тыныс-тіршілігін жан-жақты сипаттайтын ғылымның мол қорын жинады. Сонымен қатар Алтын Орда тақырыбы бір ғана мемлекеттің шеңберінде шектеліп қалмай, Қытай, Моңғолия, АҚШ, Үндістан, Пәкістан, Жапония, Қырғызстан, Өзбекстан, Мысыр және бірқатар Еуропа елдері зерттеушілерінің назарын аударып, бүкіл әлемді шарлап кетті десек болады», – деп атап өтті Президент.

Пленарлық отырысты ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жүргізді. Форумға әлемнің 20-дан астам елінен келген 120 шетелдік зерттеушіні қоса алғанда 300-ден астам ғалым мен сарапшы қатысты. Олардың қатарында тарихшы-медиевистер, археологтар, шығыстанушылар, түркітанушылар, моңғолтанушылар, нумизматтар, эпиграфика мамандары, саясаттанушылар, мәдениеттанушылар, өнертанушылар, дипломаттар және халықаралық ұйымдардың өкілдері бар.

Пленарлық отырыста сөз сөйлеген Саясат Нұрбек Алтын Орда мұрасына арналған халықаралық симпозиумның тарихи ғылымды дамыту мен тарихи өткенді жаңаша пайымдауда стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.

«Бүгін біз тек өткенді ғана емес, сонымен қатар мемлекеттілік, бірегейлік және Қазақстанның Еуразия тарихындағы орнын түсінудің негіздерін талқылап отырмыз. Тарихты қазіргі заман тұрғысынан қайта зерделеу жағдайында Алтын Орда Ұлы даланың саяси және мәдени дәстүрінің қалыптасуындағы маңызды кезең ретінде айрықша мәнге ие», – деді министр.

Оның айтуынша, Алтын Орда Шығыс пен Батыс арасындағы өзара ықпалдастықты, идеялар, технологиялар мен мәдени тәжірибелер алмасуын қамтамасыз еткен еуразиялық интеграцияның бірегей үлгісі болды. Ал оның тарихы көшпелі және отырықшы өркениеттер синтезінің көрінісі саналады.

«Қазақстан үшін Алтын Орданы зерттеу тек академиялық міндет емес. Бұл – тарихи сабақтастық мәселесі. Қазақстан өзін Жошы ұлысының мұрагерлерінің бірі ретінде санайды. Дәл осы кеңістікте кейін Қазақ хандығында жалғасын тапқан мемлекеттілік пен этногенездің негіздері қалыптасты», – деді Саясат Нұрбек.

Симпозиумда сондай-ақ ЮНЕСКО-ның мәдениет жөніндегі Бас директоры орынбасарының міндетін атқарушы, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра орталығының директоры Элунду Лазар, Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Арслан Койчиев, Татарстан Республикасының мәдениет министрі Ирада Аюпова, «La France s’engage» қорының президенті Одрэ Азуле, Моңғолия Ғылым академиясының президенті Содносамбуу Дэмбэрэл, Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының президенті Шавкат Аюпов, сондай-ақ Татарстан Республикасы Ғылым академиясы Ш.Маржани атындағы Тарих институтының М.А.Усманов атындағы Алтын Орда және татар хандықтарын зерттеу орталығының жетекшісі Ильнур Миргалиев құттықтау сөз сөйледі.

Симпозиум барысында Алтын Орданың этносаяси тарихы, оның мұрасының қазіргі заманғы маңызы, болашақ зерттеу бағыттары, материалдық және рухани мәдени мұра, жазба және ауызша дереккөздер, сондай-ақ Ұлы Жібек жолы бойындағы өркениеттік ықпалдастық мәселелеріне ерекше назар аударылады.

Форум аясында Алтын Орданың тарихи-мәдени мұрасын пәнаралық зерттеуге, археологиялық жаңалықтарға, тарихи жады мен бірегейлікті қалыптастыру мәселелеріне арналған мамандандырылған ғылыми секциялар өтеді.

Симпозиумның мәдени бағдарламасы Ұлы даланың тарихи-мәдени мұрасының байлығын және Еуразия кеңістігіндегі рухани дәстүрлер сабақтастығын танытатын «Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасын қамтиды.

Қазақстанда халықаралық симпозиумның өтуі елдің Орталық Азия тарихы мен мұрасын зерттейтін жетекші орталықтардың бірі ретіндегі халықаралық беделін одан әрі нығайтуға, ғылыми диалогты кеңейтуге және еуразиялық өркениеттің қалыптасуында маңызды рөл атқарған тарихи үдерістерді объективті зерделеуге ықпал етеді.