Біз отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосып жүрген талантты ғалымдармен таныстыруды жалғастырамыз. «Қазақстандық ғалымдарды білесіз бе?» айдарында PhD доктор Нұрбол Қалиасқаров туралы баяндаймыз.
Нұрбол Балтабайұлы – Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» мамандығының түлегі. Ол университеттегі еңбек жолын 2012 жылы бастап, инженер, кафедра оқытушысы, кафедра меңгерушісі мен декан орынбасарына дейінгі кәсіби жолдан өтті.
Бүгінде ғалым телекоммуникация және ақпараттық технологиялар саласына білікті мамандар даярлаумен белсенді айналысып келеді. Ол электрондық технологиялар, микроэлектроника, компьютерлік желілер, электр байланысы теориясы, байланыс жүйелері, коммутация және маршруттау негіздері, сондай-ақ модельдеу мен пайдалану бағытындағы пәндерден дәріс береді.
Ғалым қазіргі заманғы телекоммуникациялық технологиялар мен интеллектуалды мониторинг жүйелері саласындағы қолданбалы зерттеулерге ерекше көңіл бөледі. Қазіргі уақытта ол «Ғимараттар мен құрылыстардың техникалық жағдайын бақылайтын үйлестірілген сымсыз Wi-Fi жүйесін әзірлеу» (2025-2027 жылдар) жобасына жетекшілік етеді. Сонымен қатар «Талшықты-оптикалық өткізгіш арқылы энергия мен ақпараттық параметрлерді бір мезгілде берудің жетілдірілген жүйесін әзірлеу» (2025-2027 жылдар) жобасының орындаушысы.
Ғылыми жобалар аясында нысандар мен құрылыстардың техникалық жағдайын қашықтан бақылауға арналған энергия үнемдейтін кешенді таратылған сымсыз жүйе әзірленді. Жүйе жоғары жылдамдықтағы деректерді беру бойынша авторлық алгоритмдерге және автономды тораптардың энергия тұтынуын оңтайландыруға мүмкіндік беретін бірегей бағдарламалық-схемалық шешімдерге негізделген.
Эксперименттік зерттеулердің нәтижесінде апатты конструкцияларды қашықтан бақылау кезінде деректерді беру жылдамдығын сипаттайтын байланыс арнасының компьютерлік моделі жасалып, аппараттық кешеннің жұмыс істеуінің оңтайлы параметрлері анықталды.
Әзірленіп жатқан технологиялардың қалалық инфрақұрылым қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды практикалық мәні бар. Оларды енгізу ғимараттар мен құрылыстардағы апат қаупін төмендетуге, инфрақұрылым нысандарының сенімділігін арттыруға, мониторингті автоматтандыру есебінен техникалық қызмет көрсету шығындарын қысқартуға және қалалардың климаттық әрі табиғи әсерлерге төзімділігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар зерттеу нәтижелері IoT және құрылыс технологиялары саласындағы жаңа технологиялық шешімдер мен стартаптарды дамытуға жол ашады, телекоммуникация саласы мен сенсорлық жүйелердің дамуына ықпал етеді, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға негіз қалыптастырады.
«Қазақстандық ғалымдарды білесіз бе?» айдары аясында ғылымның, технологиялардың және Қазақстанның инновациялық әлеуетінің дамуына үлес қосып жүрген зерттеушілердің ғылыми жетістіктері мен әзірлемелері туралы баяндауды жалғастырамыз.