Семей қаласында руханият пен әдебиеттің айшықты мерекесі бастау алды. Ф.М.Достоевский атындағы әдеби-мемориалдық музейдің 55 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар аясында зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен әдебиетсүйер қауым Семей төрінде бас қосты.
Осынау айтулы дата шеңберінде Шәкәрім университетінің базасында «Достоевский мен әлем мәдениеті: көркем мұра және руханият» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Қазақстан мен Ресейден келген ғалымдар, зерттеушілер, мәдениет қайраткерлері, қоғам өкілдерімен студенттер бас қосқан жиын ұлы жазушы мұрасының адамзат өркениетіндегі орны мен рухани ықпалын кеңінен саралауға арналды.
Конференция шымылдығын университеттің ғылым жөніндегі проректоры Жанар Қалибекқызы ашып, Достоевский мұрасының әлемдік мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналғанын атап өтті. Ол Семей қаласының жазушы тағдырындағы ерекше орнын айрықша атап, Достоевскийдің өмір жолындағы ең күрделі әрі рухани кемелденген кезеңдерінің дәл осы қалада өткеніне тоқталды.
Қазақ жері талай танымал тұлғаларды бауырына басқан. Солардың бірі – әлемге танымал ұлы орыс жазушысы Ф.М.Достоевский. Федор Михайлович Омбыдағы каторгадан кейін Семейге жер аударылып, өмірінің шамамен бес жылын осында өткізгені белгілі. Сондықтан да осындай ауқымды халықаралық конференцияның дәл осы қалада өтуінің тарихи әрі рухани мәні зор.
Конференция барысында көпшіліктің ерекше ықыласын тудырған баяндамалардың бірі – Шәкәрім университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Төлеубек Демежановтың «Память, ставшаяделомжизни» атты баяндамасы болды. Ғалым өз сөзінде Семейдегі Достоевский музейінің қалыптасу тарихына тоқталып, музейдің негізін қалаушылардың жанкешті еңбегін әсерлі баяндады. Ол әсіресе музей тағдырын өзінің ғұмырымен байланыстырған Зинаида Григорьевна Фурцеваның еңбегін ерекше атады.
Өскемен қаласындағы Ресей Федерациясы Бас консулдығының вице-консулы Александр Дяченко өз сөзінде Семейдегі Достоевский музейінің қызметіне жоғары баға берді. Ол музей ұжымының жазушы мұрасын сақтау жолындағы табанды еңбегіне алғыс білдіріп, мұндай мәдени ошақтардың халықтар арасындағы рухани байланысты нығайта түсетінін жеткізді.
Конференцияда Мәскеудегі В.И.Даль атындағы Ресей әдебиеті тарихы мемлекеттік музейінің жетекші ғылыми қызметкері, мәдениеттану кандидаты Ольга Сахник өз баяндамасында өзі қызмет ететін Достоевский музейінің тарихына тоқталды. Ол жазушының туған ортасы, өмір жолына ықпал еткен тұлғалар және оның жары Анна Григорьевнаның жазушы мұрасын сақтау жолындағы өлшеусіз еңбегі жайлы әсерлі әңгімеледі.
Баяндамашы сондай-ақ Мәскеудегі музейдің құрылуына кеңестік әдебиеттанушы, Достоевский шығармашылығын зерттеуші Вера Степановна Нечаеваның зор еңбек сіңіргенін атап өтті. Дәл осы тұлға жазушының қолжазбаларын жинап, музейдің алғашқы директоры ретінде негізін қалаған.
Жиында КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, физика-математика ғылымдарының докторы, Ресей Ғылым академиясының М.В.Келдыш атындағы Қолданбалы математика институтының профессоры (РФ, Мәскеу қ.) Виктор Веденяпин «Ф.М.Достоевский: ғылым, дін, Ресей» тақырыбында баяндама жасап, жазушы шығармашылығындағы философиялық ойлардың тереңдігіне тоқталды.
Сондай-ақ тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, AlikhanBokeikhanUniversity тарих және география кафедрасының аға оқытушысы Александр Пашенцев XIX ғасырдың екінші жартысындағы Семей және Семей көпестерінің мерзімді баспасөз беттерінде жариялануы жайлы талдаса, өлкетанушы Ирина Дурново Алтай зерттеушілерінің ғылыми сабақтастығы жайлы баяндады.
Конференция аясында қатысушылар жазушы өмірінің маңызды кезеңдеріне арналған «Эпизодтар» атты көшпелі көрмені тамашалады. Көрмеде Достоевскийдің өмір жолы мен шығармашылық тағдырына қатысты сирек материалдар ұсынылды.
16 мамыр күні музей қабырғасында «Қылқалам Достоевский ізімен», «Уақыт арқылы көзқарас» және «Бүкіл әлем Достоевскийді оқиды» атты көрмелер ашылды. Келушілер жазушы шығармаларының әлемнің түрлі тілдеріне аударылған нұсқаларымен танысты. Сонымен қатар «Андрей және Анастасия Глушковтардың Жаңа студиясы» дайындаған «Музей. Бұл қалай болды…» спектаклі сахналанып, көрермен қауымға музейдің қалыптасу тарихын көркем түрде ұсынды.
Мерейтойлық іс-шаралар Семей қаласындағы Достоевскийге қатысты тарихи орындарға арналған арнайы экскурсиямен қорытындыланды.