Ғылым – қоғам игілігіне: уран өндіру саласына арналған инновациялық материалдар мен технологияларды дамытып жүрген ғалым

Ғылым – қоғам игілігіне: уран өндіру саласына арналған инновациялық материалдар мен технологияларды дамытып жүрген ғалым

Ғылым – қоғам игілігіне: уран өндіру саласына арналған инновациялық материалдар мен технологияларды дамытып жүрген ғалым

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ғылым – қоғам игілігіне» айдары аясында бүгін химия ғылымдарының докторы, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Химия кафедрасының профессоры Матаев Мұхаметқали жайлы айтып өтеміз. 

Мұхаметқали Мұсағалиұлы 1980-1985 жылдары Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің химия факультетін үздік бітірген. 1991 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде ғылыми тағылымдамадан өткен. 1995 жылы кандидаттық, 2010 жылы докторлық диссертация қорғаған. 2002 жылы доцент, 2018 жылы профессор ғылыми атағын алған. 2019 жылы ҚР Ұлттық тау-кен ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі, 2021 жылы академигі болып тағайындалды.

Ғалымның ғылыми қызметі жаңа функционалды материалдарды синтездеу, көпкомпонентті перовскиттердің қасиеттерін зерттеу және уран өндіру саласына арналған инновациялық технологияларды әзірлеумен байланысты. Оның зерттеулері іргелі ғылым мен өндірістік тәжірибені ұштастырып, экономикалық тиімділік пен технологиялық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған.

Мұхаметқали Мұсағалиұлы мемлекеттік гранттық қаржыландыру бағдарламалары аясында бірқатар ғылыми жобаларды жүзеге асырды. Атап айтқанда, мультиферроиктер мен көпфункционалды магниттік материалдардың жаңа буындарын зерттеуге арналған жобалармен қатар уран өндіруді интенсивтендіруге бағытталған инновациялық технологияларды әзірлеуге қатысты жұмыстар жүргізді. 

Қазіргі таңда ғалым 2025-2027 жылдарға арналған AP26198947 жобасы аясында көпкомпонентті перовскиттердің қасиеттерін зерттеумен айналысып жатыр. Зерттеу нәтижелері сенсорлық жүйелерде, электроникада және энергетика саласында қолдануға болатын жаңа магнитсезімтал материалдарды әзірлеуге мүмкіндік береді.   

Ғалымның ғылыми еңбектерінің практикалық маңызы ерекше. Оның авторлығымен уран өндіру тиімділігін арттыруға және жаңа материалдарды алуға бағытталған бірнеше өнертабыс патенттелген. Әзірленген технологиялар өндірістік жағдайда қолданылып, ұңғымалардың өнімділігін 20-30%-ға дейін арттыруға, реагенттер шығынын азайтуға және өндірістегі қауіпсіздік деңгейін күшейтуге мүмкіндік берген. 

Матаев Мұхаметқали – 100-ден астам ғылыми еңбектің авторы. Оның жетекшілігімен ғылым кандидаттары, PhD докторлары мен магистрлер даярланып, отандық ғылыми мектептің дамуына үлес қосып келеді. 

Сонымен қатар қазіргі уақытта ғалымның қатысуымен уранды жерасты шаймалау жағдайында ұңғымаларды химиялық өңдеуге арналған жылжымалы қондырғыны енгізу бойынша коммерцияландыру жобасы жүзеге асырылады. Жоба ғылым нәтижелерін нақты өндірістік өнімге айналдыруға және ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.