Түркияның бірінші ханымы Эмине Ердоған ҚАТЗУ-да халықаралық ғылыми-оқу зертханасының ашылуына қатысты

Түркияның бірінші ханымы Эмине Ердоған ҚАТЗУ-да халықаралық ғылыми-оқу зертханасының ашылуына қатысты

Түркияның бірінші ханымы Эмине Ердоған ҚАТЗУ-да халықаралық ғылыми-оқу зертханасының ашылуына қатысты

Бүгін, 14 мамырда, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде «Қалдықтарды басқару» халықаралық ғылыми-оқу зертханасы ашылды. Жоба Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрлігіне қарасты Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TİKA) қолдауымен ҚАТЗУ-мен бірлесіп жүзеге асырылды.

Іс-шараның маңызын Түркияның бірінші ханымы Эмине Ердоғанның қатысуы арттыра түсті. Эмине ханымның сапары Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін және екі елдің экологиялық жауапты бастамаларды, тұрақты білім беруді және қалдықтарды басқару саласындағы заманауи тәсілдерді дамытуға ортақ ұмтылысын көрсетті.

Ашылу рәсіміне Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің басшысы Абдуллах Эрен, ТIKA-ның Қазақстан Республикасындағы үйлестірушісі Фуат Эрдогмуш, сондай-ақ ҚАТЗУ басшылығы мен профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты.

Өз сөзінде Эмине Ердоған зертхананың ашылуы Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуда маңызды екенін атап өтті.

«TİKA қолдауымен Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті жанынан ашылған бұл зертхананың нөлдік қалдық, тұрақты ауыл шаруашылығы, қалдықтарды басқару және айналмалы экономика салаларында маңызды бастамаларға жол ашатынына шын жүректен сенемін. Осы маңызды бастама Түркия мен Қазақстан арасындағы бауырластық байланыстарды одан әрі нығайта түссін», – деді Эмине Ердоған.

Ашылу салтанаты барысында Басқарма төрағасы - ректор, ҚР ҰҒА академигі, профессор Қанат Тіреуов құттықтау сөз сөйледі. Ол зертхананың ашылуы университеттің жаңа буын мамандарын даярлау, қолданбалы зерттеулерді дамыту және заманауи экологиялық шешімдерді енгізу мүмкіндіктерін кеңейтетінін атап өтті.

«Бүгінде Seifullin University аграрлық білім, ғылым және инновациялардың халықаралық орталығы ретінде жаһандық деңгейге нық қадам басып келеді. Жаңа зертхананың ашылуы мамандар даярлауға, экологиялық мәдениетті дамытуға және тұрақты шешімдерді енгізуге қосымша мүмкіндік береді», – деді Қанат Тіреуов.

Зертхана экология, табиғатты пайдалану және агроэкожүйелер бағыттары бойынша студенттердің тәжірибеге бағдарланған даярлығын дамытуға ықпал етеді. Мұнда студенттер қалдықтарды бөлек жинау, сұрыптау, қайта өңдеу және кәдеге жарату бойынша практикалық дағдыларды меңгеріп, зерттеу және жобалық жұмыстарға, сондай-ақ ресурс үнемдеу мен «жасыл» технологияларды енгізуге бағытталған шешімдерді әзірлеуге қатыса алады.

Іс-шара аясында ҚАТЗУ-дың ғылыми жетістіктері көрмесі ұсынылды. Көрме университеттің ғылыми-инновациялық әлеуетін және аграрлық, экологиялық әрі технологиялық бағыттардағы қолданбалы зерттеулерді дамытуға қосып отырған үлесін көрсетті.

Зертхананың ашылуы қазақ-түрік әріптестігін дамытудың жаңа кезеңі болды. Жаңа алаң білім, ғылым және тәжірибені біріктіріп, мамандар даярлауға және заманауи экологиялық шешімдерді енгізуге ықпал етеді.