
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Аризона геномика институтының директоры Род Винг және Kozybayev University Басқарма төрағасы - ректоры Ербол Исақаевпен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар агрогеномиканы дамыту, ауыл шаруашылығына заманауи геномдық технологияларды енгізу, сондай-ақ халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Әсіресе климаттық өзгерістерге төзімді, су ресурстарына тәуелділігі төмен, өнімділігі жоғары әрі тағамдық құндылығы мол күріш пен бидайдың жаңа сұрыптарын шығару мәселесіне ерекше назар аударылды.
Профессор Род Винг Қазақстандағы геномдық зерттеулерді дамытудың қысқа және ұзақ мерзімді шараларын қамтитын стратегиялық көзқарасын таныстырды. Атап айтқанда, Қазақстанның күріш өсірілетін өңірлерінде күріш шаруашылығындағы су тұтынуды едәуір азайтуға мүмкіндік беретін кезектесіп суару және құрғату әдісін (Alternate Wet Drying, AWD) енгізу жөнінде ұсыныстар айтылды.
Сонымен қатар қазақстандық күріш пен бидай коллекцияларының генетикалық әртүрлілігін үлгілерді қайта секвенирлеу арқылы бағалау, климаттық жағдайларға төзімді ең перспективалы сұрыптарды анықтау мақсатында ауқымды далалық фенотиптеу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ генетика, өсімдік селекциясы, геномика, агрономия, ирригацияны басқару және фитопатология салаларында ұлттық кадр даярлау жүйесін қалыптастыру мәселелері қарастырылды.
Профессор Род Вингтің айтуынша, аталған бастамаларды жүзеге асыру ұзақ мерзімді перспективада Қазақстанның жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі қатысушылардың бірі ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.
Kozybayev University Басқарма төрағасы - ректоры Ербол Исақаевтың сөзінше, Аризона геномика институтымен және Аризона университетімен ынтымақтастық жаңа буын мамандарын даярлаудан бастап селекция, азық-түлік қауіпсіздігі және тұрақты ауыл шаруашылығы салаларындағы қолданбалы жобаларды іске қосуға дейінгі нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған.
Аталған бастамаларды жүзеге асыру – Қазақстанның ғылыми әлеуетін нығайтуға және елдің аграрлық дамуына арналған заманауи геномдық платформаны қалыптастыруға бағытталған кешенді стратегияның бір бөлігі.