
Қазақстанда зерттеулері ел аумағынан тыс жерлерде де мойындалып, әлемдік ғылымның дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдар аз емес. Олардың ғылыми жаңалықтары, қалыптастырған ғылыми мектептері мен әзірлемелері жаңа технологиялардың негізіне айналып, жас зерттеушілерді даярлауға және мемлекеттің ғылыми әлеуетін нығайтуға қызмет етіп жатыр.
«Қазақстандық ғалымдарды білесіз бе?» айдары аясында химиялық физика және нанотехнология саласындағы отандық ғалым туралы баяндаймыз. Зұлқайыр Аймұхаметұлы Мансұров – химия ғылымдарының докторы, профессор, «Жану проблемалары институтының» ғылыми жетекшісі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Химиялық физика және материалтану» кафедрасының профессоры.
Ғалымның ғылыми жолы С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың химия факультетінде студент кезінен басталды. Студент шағында ол Қазақстандағы химиялық физика және жану саласындағы ғылыми мектептің негізін қалаушы Георгий Ксандопулоның физика-химиялық зерттеу әдістері зертханасына шақырылды. Дәл осы ғалымның жетекшілігімен Зұлқайыр Мансұров кандидаттық және докторлық диссертацияларын қорғады. Ал 1992 жылы ғылыми топ құрамында жану үдерістерінің химиялық негіздерін зерттеуге арналған іргелі ғылыми жұмыстар циклі үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығына ие болды.
Профессор жарты ғасырдан астам уақытын отандық ғылым мен білімді дамытуға арнады. 1974 жылы С.М.Киров атындағы ҚазМУ-да оның ғылыми-педагогикалық қызметі басталды. Осы оқу орнында ол ғылыми қызметкерден профессорға және жетекші ғылыми құрылымдардың басшысына дейінгі жолдан өтті. Әр жылдары ғылыми жұмыс жөніндегі проректор, бірінші проректор, кафедра меңгерушісі, Жану проблемалары институтының директоры қызметтерін атқарды. Бүгінде институттың ғылыми жетекшісі ретінде белсенді қызметін жалғастырып келеді.
Зұлқайыр Аймұхаметұлының ғылыми зерттеулері жану үдерістерінің химиялық физикасын, материалтануды, нанотехнологияларды және экологиялық бағыттағы технологияларды қамтиды. Ғалым наноқұрылымды көміртекті материалдарды әзірлеуге, фуллерендер, графендер мен нанотүтікшелер синтезіне, сондай-ақ өнеркәсіп, медицина, ауыл шаруашылығы және қоршаған ортаны қорғау салаларына арналған экологиялық қауіпсіз технологияларды жасауға ерекше көңіл бөледі.
Қазіргі таңда Зұлқайыр Аймұхаметұлы «Эластомерлі және полимер-битумды байланыстырғыштар негізінде жоғары берік асфальтбетон алу технологиясын әзірлеу, сондай-ақ құрамында көміртегі бар сұйық қалдықтарды плазмохимиялық өңдеу» атты ғылыми бағдарламаны басқарады.
Көпжылдық еңбегі, ғылыми беделі және кәсібіне адалдығының арқасында Зұлқайыр Мансұров қазақстандық ғылымның дамуына, елдің ғылыми әлеуетін нығайтуға және жас зерттеушілер буынын қалыптастыруға зор үлес қосты.
«Қазақстандық ғалымдарды білесіз бе?» айдары арқылы біз идеялары, ғылыми әзірлемелері мен зерттеулері Қазақстанның зияткерлік болашағын қалыптастырып, халықаралық деңгейде мойындалып жүрген отандық ғылымның көрнекті өкілдерімен таныстыруды жалғастырамыз.