Бүгін Астанада Академиялық зерттеу және артықшылық орталықтарын (АЗАО) дамыту және нығайту мәселелеріне арналған брейнсторминг-сессия өтіп жатыр. Іс-шара Қазақстанның жоғары білім беру және ғылым саласындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, университеттердің ғылыми-зерттеу әлеуетін күшейтуге және халықаралық академиялық стандарттарға сәйкес келетін артықшылық орталықтарын қалыптастыруға бағытталған.
Брейнсторминг-сессияны ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова ашып, өз сөзінде ғылым мен жоғары білім саласындағы сапалы өзгерістерді қамтамасыз етуде академиялық және зерттеу артықшылық орталықтарының маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар ол университеттердің ғылыми экожүйесін дамыту, халықаралық серіктестікті кеңейту және зерттеулердің нәтижелілігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды.
Сондай-ақ іс-шара барысында Дүниежүзілік банктің білім беру жөніндегі аға маманы Хусейн Абдул-Хамид сөз сөйлеп, жоғары білім беру жүйесін трансформациялау үдерісінде ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру мен университеттердің инновациялық әлеуетін күшейтудің маңызды екенін атап өтті.
Брейнсторминг-сессия аясында университеттердің АЗАО құру бағытында атқарған жұмыстары мен қол жеткізген нәтижелері талқыланды. Қатысушылар академиялық зерттеулерді дамытудағы негізгі қажеттіліктер мен кедергілерді анықтап, ғылыми инфрақұрылымды жетілдіру, кадрлық әлеуетті арттыру, халықаралық рейтингтердегі позицияларды нығайту және ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейту бойынша ұсыныстар әзірледі.
Іс-шара қорытындысы бойынша Қазақстанда академиялық артықшылық моделін одан әрі дамытуға бағытталған нақты ұсыныстар мен практикалық бастамалар қалыптасты.