
Қазақстандық ғалымдар экология мен еліміздің аграрлық секторын дамытуға қатысты өзекті мәселелерді шешуге елеулі үлес қосып келеді. «Қазақстандық ғалымдарды білесіз бе?» айдарында тұзданған аридті аумақтарда мал азықтық дақылдарды өсіру технологияларын әзірлеген ғалым туралы баяндаймыз.
Болат Мұхамбетов – ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы. Ол 50 жыл бойы ауыл шаруашылығы мен жепшөп бағытында ғылыми зерттеулер жүргізіп келеді.
Ғалым Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Биология, геоэкология және қуаңшылықтағы шөп өндірісі» ғылыми-өндірістік орталығының меңгерушісі, сондай-ақ «Экология, био- және нанотехнологиялар» ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметін атқарады.
Ғалымның ғылыми қызметі аридтік мал азықтарын өндіру, жайылым шаруашылығы және геоэкология саласын тұрақты дамытуға бағытталған өзекті міндеттерді шешуге арналған. 1985-1990 жылдары Болат Мұхамбетов алғаш рет Каспий теңізі жағалауын кешенді зерттеп, тұзданған топырақта өсетін жемшөп өсімдіктерді іріктеу жұмыстарын жүргізді. Теңіз жағалауындағы тұзды топырақтарда тұздың улы иондарының жиынтығы 0,9%-дан асатын жерлерде өсетін үлгілерге назар аударды. Бұл кейіннен тозған жерлерді қалпына келтіру және мал шаруашылығының жемшөп қорын дамыту бағытындағы зерттеулерге негіз болды.
Болат Мұхамбетовтің ғылыми зерттеулерінің нәтижелері Scopus және Web of Science базаларында индекстелетін халықаралық ғылыми журналдарда жарияланған. Ғалым – агроөнеркәсіптік кешен үшін практикалық маңызы бар бірқатар патенттер мен селекциялық жетістіктердің авторы.
Оның ғылыми жұмысының негізгі бағыттарының бірі – 2024-2026 жылдары жүзеге асырылып жатқан «Аридтік өсімдіктерді өсірудің тиімді технологияларын әзірлеу (жартылай шөлейт және шөлейт)» жобасы. Жоба аясында Қазақстанның батыс өңірлерінің күрделі табиғи-климаттық жағдайларына бейімделген мал азықтық дақылдарды өсірудің заманауи әдістері әзірленіп жатыр.
Практикалық қолданысқа «Медовый» атты сары түйежоңышқа сортының тұқымдары енгізілді. Олар Қызылорда облысына шөп, пішендеме және сүрлем өндіру үшін жеткізілген, сондай-ақ тұзданған топырақтардың құнарлылығын қалпына келтіруде пайдаланылуда. Бұл сорт бір гектардан 600 келіге дейін бал алуға мүмкіндік береді, бұл ара шаруашылығы мен ауыл экономикасын дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Сонымен қатар Батыс Қазақстанның аридті өңірлеріндегі шаруашылықтарда изенді (Kochia prostrata) өсіру және оның негізінде мал азығын дайындау технологиялары енгізілуде.
Зерттеулер гранттық жоба аясында 40-50 гектар аумақта жалғасып, өндірістік деңгейде жүзеге асырылуда. 2025 жылы дайындалған ғылыми-практикалық ұсынымдар бүгінде фермерлер мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тарапынан тәжірибелік нұсқаулық ретінде қолданылып келеді.
Болат Мұхамбетовтің әзірлемелері еліміздің аграрлық секторын дамыту үшін маңызды мәнге ие. Олар Батыс Қазақстандағы тозған жайылымдарды қалпына келтіруге, Каспий маңының тұзданған жерлерінде суармалы мәдени жайылымдар құрудың ғылыми негізін қалыптастыруға, мал шаруашылығының жемшөп қорын нығайтуға және эрозиялық үдерістердің алдын алуға ықпал етеді.
Ғылыми қызметімен қатар Болат Мұхамбетов жоғары білім беру жүйесін дамытуға және ғылыми кадрлар даярлауға да елеулі үлес қосып келеді. Оның жетекшілігімен білім беру үдерісіне интеграцияланған ғылыми жобалар жүзеге асырылып, жас зерттеушілер, магистранттар мен докторанттар даярлануда, сондай-ақ геоэкология және аридті мал азығын өндіру саласында заманауи ғылыми мектеп қалыптасып жатыр.
«Қазақстандық ғалымдарды білесіз бе?» жобасы аясында отандық ғылымның көрнекті өкілдері туралы көбірек біле отырыңыздар.