Отан қорғаушылар күні: Абай университетінде әскери-патриоттық шеру өтті

Отан қорғаушылар күні: Абай университетінде әскери-патриоттық шеру өтті

Отан қорғаушылар күні: Абай университетінде әскери-патриоттық шеру өтті

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті қабырғасында Отан қорғаушылар күніне орай салтанатты әскери-патриоттық шеру өтті. Аталған маңызды іс-шараға Ауған соғысының ардагерлері, офицерлер одағының өкілдері қатысып, жас ұрпақтың патриоттық рухын нығайтуға бағытталған бастамаға куә болды.

Салтанатты шерудің бағдарламасы төрт бөлімнен тұрды. Оның аясында жеке құрамның сапқа тұруы, әскери-қолданбалы спорт түрлері бойынша көрсетілімдер, заманауи қару-жарақ пен техникалардың көрмесі, сондай-ақ білім алушылар арасындағы тактикалық жарыстар ұйымдастырылды.

Әскери-патриоттық шеруге Алматы қаласы Полиция департаменті, Төтенше жағдайлар департаменті, ҚР ҰҚК Шекара академиясы және Шекара қызметінің арнайы мақсаттағы басқармасы қатысты. ҰҚК-нің арнайы бөлімшелері мен құқық қорғау органдарының көрсетілімдері шараға ерекше көрнекілік беріп, көрермендерге зор әсер қалдырды.

Іс-шара барысында көпшілік назарына заманауи өрт сөндіру техникасы мен арнайы көлік құралдары ұсынылды. Алаңда мотоэкипаждар, «Toyota Hilux» қызметтік автокөліктері, жедел әрекет ету машиналары және төтенше жағдайлардың салдарын жоюға арналған медициналық көліктер көрсетілді. Сонымен қатар 2000 жылы құрылған Қазақстан Қарулы Күштерінің элиталық бөлімшесі – аэромобильді десанттық-шабуылдаушы әскерлердің тарихы мен жетістіктері кеңінен таныстырылды.

Айта кетейік, университеттің әскери кафедрасы осы уақытқа дейін 8000-ға жуық түлекті даярлап, офицерлік құрамды толықтырған. Биыл кафедраны 161 офицер мен 110 сержант тәмамдауда. Мереке қарсаңында олар салтанатты түрде әскери ант қабылдап, Отан қорғау жолындағы жауапты қызметке дайын екендіктерін растады.