
Бүгін, 4 мамыр күні, Алматы қаласында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысы өтті. Отырыс Қазақстан алғаш рет қабылдап отырған GITEX AI Central Asia & Caucasus 2026 халықаралық технологиялық форумы аясында ұйымдастырылды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде әлемнің сапалы жаңа технологиялық трансформация кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Оның айтуынша, демографиялық өсім интеллектуалдық капиталмен және еңбек өнімділігінің артуымен ұштаспаса, өздігінен бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ете алмайды.
Президент Орталық Азиядағы алғашқы жасанды интеллект университетінің ашылуы бұрын қабылданған шешімдерді іске асырудағы маңызды кезең болатынын атап өтті. Жетекші шетелдік жоғары оқу орындарымен серіктестік аясында іргелі және қолданбалы ғылымды дамыту күшейіп, жылдам ауқымдауға бағытталған жобалар пулы қалыптасып келеді.
Отырыс аясында GITEX AI Central Asia & Caucasus 2026 көрмесінің ресми ашылу рәсімі өтті. Аталған алаң GITEX жаһандық экожүйесінің бір бөлігі және цифрлық технологиялар мен инновациялар саласындағы әлемдегі ең ірі платформалардың бірі саналады. Көрмені аралау барысында Президент Al-Farabium суперкомпьютерінің мүмкіндіктерімен танысты. Оның базасында қазірдің өзінде ондаған жоба жүзеге асырылады.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «ЖИ – цифрлық экономиканың өсу факторы» тақырыбындағы кеңес отырысына, сондай-ақ «Global Capital, Local Delivery: Aligning Digital Investment» панельдік сессиясына қатысты.
Мемлекет басшысының бастамасымен 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Елде берік құқықтық негіз қалыптасты: жаңа Конституция, Цифрлық кодекс және «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданды. Бұл шешімдер цифрлық трансформацияны одан әрі дамытуға негіз қалайды.
Қазақстан халықаралық аренадағы өз позициясын жүйелі түрде нығайтып келеді. Ұлттық суперкомпьютерлік жүйелер әлемдік TOP500 рейтингіне енді, оның ішінде бір жүйе әлемдегі ең қуатты 100 суперкомпьютердің қатарына кірді.
Басты басымдықтардың бірі – Ұлттық жасанды интеллект зерттеу университетін құру. Университет Астанадағы EXPO аумағында орналасып, Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығымен интеграцияланатын болады. Алғашқы студенттерді қабылдау 2026 жылғы қыркүйекте жоспарланған.
Білім беру бағдарламалары AI+X моделі бойынша жүзеге асырылады. Бұл жасанды интеллектіні экономиканың негізгі салаларымен – өнеркәсіп, энергетика, денсаулық сақтау, білім беру және мемлекеттік басқарумен ықпалдастыруды көздейді. Сонымен қатар қолданбалы зерттеулерді қолдау, өндірістік жобаларды іске асыру және халықаралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында AI Research Hub құру жоспарланып отыр.
Жоғары білім беру жүйесін жүйелі трансформациялау аясында ЖИ саласында кадрлар даярлаудың бірыңғай университетаралық стандарты енгізілуде. Қазақстандық жоғары оқу орындары AI-Enabled University моделіне көшуде, онда жасанды интеллект білім беру үдерісіне ғана емес, ғылыми және басқарушылық қызметке де енгізіледі.
Аталған университетті құру AI-Sana бағдарламасының логикалық жалғасы болмақ. Бүгінгі таңда бұл бағдарлама аясында 670 мыңнан астам студент жасанды интеллект негіздері бойынша оқудан өтіп, сертификаттарға ие болды.
Сонымен қатар ЖИ жөніндегі кеңес мүшесі Пол Кимнің қатысуымен 100 мың студентті қамтитын ЖИ-кәсіпкерлік бағдарламасы іске қосылды. AI-Sana бағдарламасының ең үздік түлектері Ұлттық жасанды интеллект зерттеу университетінде білімін жалғастыру мүмкіндігіне ие болады.