Ғылым қоғам игілігіне: тоқішек ауруларын ерте анықтауға бағытталған жаңа зерттеу

Ғылым қоғам игілігіне: тоқішек ауруларын ерте анықтауға бағытталған жаңа зерттеу

Ғылым қоғам игілігіне: тоқішек ауруларын ерте анықтауға бағытталған жаңа зерттеу

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ғылым қоғам игілігіне» айдары аясында денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелердің бірін шешуге бағытталған ғылыми зерттеу таныстырылады. Ualikhanov University базасында министрліктің гранттық қаржыландыруы аясында «Қазақстандағы тоқішек ауруларының клиникалық-диагностикалық және морфологиялық детерминанттары: инновациялық тәсілдер мен шешімдер» атты ғылыми жоба жүзеге асырылып жатыр.

Жобаның ғылыми жетекшісі – медицина ғылымдарының докторы, профессор, Өмір және денсаулық ғылымдары орталығының директоры Нұрбек Сағынбекұлы Игісін. Аталған зерттеу қазіргі денсаулық сақтау жүйесіндегі өзекті мәселелердің бірі – тоқішек ауруларын, соның ішінде колоректалдық қатерлі ісікті кеш диагностикалау проблемасын шешуге бағытталған. Ерте анықтаудың жеткіліксіздігі аурудың асқынған түрлерінің артуына және қолайсыз клиникалық нәтижелерге әкелетіні белгілі.

Жоба аясында аурудың дамуына әсер ететін клиникалық-диагностикалық және морфологиялық факторларға кешенді талдау жүргізіледі. Сонымен қатар эпидемиологиялық үрдістер мен қолданыстағы скринингтік бағдарламалардың тиімділігі бағаланып, пациенттерді ерте анықтау және дер кезінде бағыттау жүйесін жетілдіруге бағытталған ұсыныстар әзірленіп жатыр.

Зерттеудің негізгі ерекшелігі – өңірде алғаш рет енгізіліп отырған капсулалық эндоскопия технологиясы. Бұл әдіс – дәстүрлі инвазивті процедураларды қолданбай-ақ асқазан-ішек жолдарын визуализациялауға мүмкіндік беретін заманауи диагностикалық тәсіл.

Миниатюралық бейнекапсула асқазан-ішек жолдары арқылы табиғи түрде қозғалып, шырышты қабықтың жоғары дәлдіктегі бейнелерін береді. Нәтижесінде патологиялық өзгерістерді ерте кезеңде анықтауға жол ашылып, диагностиканың дәлдігі артады, инвазивтілік төмендейді және тексеру қолжетімділігі кеңейеді.

Жоба нәтижесінде ауруларды ерте анықтау деңгейін арттыру, асқынған жағдайлардың үлесін азайту, скринингтік бағдарламаларды жетілдіру, медициналық көмектің сапасын арттыру көзделеді.

Профессор Нұрбек Сағынбекұлы – онкоэпидемиология және қоғамдық денсаулық сақтау саласының жетекші мамандарының бірі. Ол 502 ғылыми еңбектің авторы, оның ішінде 282 ғылыми мақала, 5 оқу құралы және 215 ғылыми баяндаманың тезистері бар. Олардың 65-і Scopus халықаралық деректер базасында индекстелген. Ғалымның Хирш индексі Scopus бойынша – 13, Google Scholar бойынша – 19, Web of Science бойынша – 9. Ғылыми зерттеулерінің нәтижелері халықаралық ғылыми форумдарда ұсынылып, практикалық денсаулық сақтау жүйесіне енгізілген.

Ғалымның ғылыми жетекшілігімен ғылым, денсаулық сақтау және мемлекеттік басқару салалары үшін жоғары білікті мамандар даярлайтын тұрақты ғылыми мектеп қалыптасты. Оның жетекшілігімен 10 PhD докторы және 21 магистр даярланды, олардың қатарында MBA дәрежесі бар мамандар да бар.

Зерттеу нәтижелерін тәжірибеге енгізу халық денсаулығын жақсартуға және медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған.