
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің жасанды интеллект саласындағы халықаралық сарапшы, AI-SANA білім беру бағдарламасының негізгі әзірлеушілерінің бірі Пол Киммен жұмыс кездесуі өтті.
Кездесуге сондай-ақ ведомстволық ұйымдардың өкілдері және «Қазақстан халқына» ҚҚ жоба серіктестері қатысты. Тараптар AI-SANA бағдарламасының II кезеңін іске асырудың ағымдағы жай-күйін, соның ішінде оқу үдерісі мен студенттердің қатысу деңгейін талқылады.
Кездесу барысында Пол Ким Стэнфорд университетінің әдіснамасына негізделген бағдарламаның II және III кезеңдерін іске асыру тәсілдерін таныстырды, сондай-ақ SMILE платформасындағы практикалық бағыттағы оқыту форматы туралы кеңінен баяндады. Теориялық білім мен практикалық тапсырмаларды ұштастыруға, кәсіпкерлік ойлау мен AI шешімдерін әзірлеу дағдыларын дамытуға ерекше назар аударылды.
Оның айтуынша, бағдарлама нақты нәтижелер көрсетіп отыр. Шамамен 4 000 студент оқуын сәтті аяқтап, сертификаттар алған, стартаптарды құруға арналған венчурлік жоспарлар форматында 3 000-нан астам қорытынды жоба әзірленген. Қазіргі таңда платформада ондаған мың студент оқуын жалғастырып жатыр (бағдарламаға қатысушылардың жалпы саны – 100 000), бұл бағдарламаның ұлттық деңгейде іске асырылып жатқанын көрсетеді.
Кездесуге қатысушылар студенттердің белсенділігін одан әрі арттырудың және жоғары оқу орындары тарапынан оқу процесін сапалы сүйемелдеудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ кураторлар жұмысын жандандыру және өңірлерде бағдарламаның орындалуын бақылауды күшейту қажеттігі айтылды.
Кездесу қорытындысы бойынша AI-SANA жобасын ауқымдауды жалғастыру, білім беру бағдарламаларын іске асыру тиімділігін арттыру және Қазақстанда жасанды интеллект саласындағы кадрлық әлеуетті дамыту бағытында жүйелі жұмысты жалғастыру туралы келісімге қол жеткізілді.