NVIDIA вице-президенті қазақстандық студенттермен кездесті

NVIDIA вице-президенті қазақстандық студенттермен кездесті

NVIDIA вице-президенті қазақстандық студенттермен кездесті

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек NVIDIA компаниясының жаhандық жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту жөніндегі вице-президенті Николо Капрез және Firebird.AI негізін қалаушылармен кездесті. Делегация өкілдері Nazarbayev University студенттерімен және университет басшылығымен кездесіп, DeepTech Bäige стартап байқауының финалистерін құттықтады.

Сапар барысында делегация университеттің ғылыми-зерттеу инфрақұрылымымен танысты және негізгі стратегиялық бастамалар туралы мәлімет алды. Олардың қатарында математика ғылымдары мен жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған жаңа Компьютерлік ғылымдары және жасанды интеллект (SCAI) мектебін құру жобасы бар. Провост Рехан Садик университеттің ISSAI институты әзірлеген өнімдер арқылы индустриямен серіктестікті кеңейтуді және инновацияларға басымдық бере отырып, Қазақстанның қалыптасып келе жатқан цифрлық экономикасының бір бөлігіне айналуды көздейтінін атап өтті.

Министр Саясат Нұрбек университеттің өңірдегі жетекші зерттеу орталықтарының бірі ретіндегі рөлін атап өтіп, өндіріс саласымен тығыз байланысқан экожүйе қалыптастырудың маңызын айтты.

«NU – Қазақстанның флагмандық университеті, мұнда іргелі ғылым жоғары деңгейде дамыған. Ендігі міндет – осы әлеуеттің нақты әсерін қамтамасыз ету, яғни өнеркәсіпке, қоғамға және экономикалық өсімге ықпал ету. Біз сапалық серпіліске ұмтыламыз. Осыған байланысты пәнаралық зерттеулерге басымдық беріп, түрлі бағыттағы үздік мамандарды біріктіріп, жобаларға нақты уақыт режимінде әсер етуге күш салып отырмыз», – деді министр.

Николо Капрез NU-дың NVIDIA DLI University Ambassador Program бағдарламасына қосылу бастамасын қолдап, кадрлар даярлау саласындағы серіктестікті дамыту үшін елеулі әлеует бар екенін атап өтті.

Аталған бағдарлама оқытушыларға жасанды интеллект, деректерді талдау және жоғары өнімді есептеулер бағыттары бойынша NVIDIA-ның озық курстарынан арнайы оқудан өтуге мүмкіндік береді. Оқыту нәтижесінде және сұхбаттан сәтті өткеннен кейін оқытушы ресми амбассадор мәртебесіне ие болады. Бұл мәртебе оған NVIDIA-ның сертификатталған инструкторы ретінде өз бетінше оқыту жүргізуге және студенттерге халықаралық сертификаттар беруге құқық береді.

Қазақстанда бұл модельдің сәтті іске асырылған мысалдары бар. Атап айтқанда, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің оқытушысы Олжас Олжаев 168 студентті сертификаттап, Platinum мәртебесін иеленді. Сонымен қатар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті компьютерлік ғылымдар кафедрасының аға оқытушысы Ержан Кенжебек «Data Parallelism: How to Train Deep Learning Models on Multiple GPUs» курсын сәтті аяқтап, 60-тан астам студентті сертификаттады.

Аталған нәтижелер бағдарламаның практикалық тиімділігін және Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінде жасанды интеллект саласындағы мамандарды ауқымды даярлаудағы әлеуетін көрсетеді.

«Біздің мақсат – тек зерттеу жүргізу емес, оны нақты өнімдерге айналдыру. Мұнда ынтымақтастық үшін үлкен мүмкіндік бар деп ойлаймын. Университеттің студенттер мен индустриялық серіктестер үшін жасаған жағдайы әсер қалдырды. NVIDIA-да 45 мың қызметкер жұмыс істейді және компания қарқынды өсіп келеді. Мұнда өте мықты студенттерді көрдік, сондықтан оларды NVIDIA-ға жұмысқа шақырғымыз келеді. Студенттерді өтінім беруге ынталандыру маңызды», – деді ол.

Тараптар сондай-ақ университет жанынан құрылып жатқан ғылыми парк аумағында NVIDIA кеңсесін ашу мүмкіндігін, сондай-ақ компанияның болашақ деректерді өңдеу орталығын дамытуға қатысу перспективаларын талқылады.

Жеке назар жасанды интеллектінің дамуы, үлкен деректерді өңдеу және ұлттық цифрлық платформаларды іске қосу аясында сұранысы қарқынды өсіп келе жатқан жоғары өнімді GPU-инфрақұрылымды қалыптастырудағы NVIDIA-ның технологиялық сараптамасын қолдану мүмкіндіктеріне аударылды.

Мұндай жобаларды іске асыру Қазақстанда заманауи есептеу инфрақұрылымын қалыптастырудағы маңызды қадамға айналып, елдің жасанды интеллект пен жоғары өнімді есептеулер саласындағы өңірлік орталық ретіндегі позициясын күшейтуге ықпал етуі мүмкін.

Сапар соңында NVIDIA делегациясы NU Өnergy Creative Hub алаңында өткен DeepTech Bäige стартап байқауының қатысушыларымен кездесті. Финалға өткен 11 студенттік жоба агроөнеркәсіп, тау-кен өндірісі, энергияны басқару және электр көліктерін қуаттау, дәрі-дәрмек әзірлеу, биомедициналық скрининг пен онкология, автономды дрондар, робот техникасы және аэроғарыш технологиялары сияқты бағыттарды қамтиды.