
«Қазақстандық ғалымдарды білесіз бе?» айдарының келесі кейіпкері – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің Инновациялық технологиялар ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, PhD доктор, профессор Раушан Миранбайқызы Рыщанова.
Раушан Миранбайқызы 1983 жылы Троицк ветеринарлық институтын «Ветеринария» мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын Қостанай облысы Жітіқара ауданындағы шаруашылықта ветеринар дәрігер ретінде бастады. Кейін Жітіқара ветеринариялық станциясында аға ветеринар дәрігер, ветеринариялық дәріхана меңгерушісі қызметтерін атқарды. 2000 жылы Орал мемлекеттік ветеринария академиясының аспирантурасын аяқтап, кандидаттық диссертациясын қорғады. 2024 жылы «Ветеринарлық санитария» мамандығы бойынша PhD дәрежесін иеленді.
1994 жылдан бастап Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде ғылыми-педагогикалық қызмет атқарып келеді. Осы кезеңде аға оқытушы, факультет деканының орынбасары, кафедра доценті, кафедра меңгерушісі, ғылым және жоғары оқу орнынан кейінгі білім бөлімінің басшысы, ғылыми-инновациялық орталық жетекшісі лауазымдарын атқарды. Қазіргі уақытта ғылыми қызметкер және профессор ретінде еңбек етіп келеді.
Ғалымның ғылыми қызметінің негізгі бағыттары – классикалық және молекулалық микробиология, иммунология, ветеринариялық фармакология, азық-түлік қауіпсіздігі және антибиотикке төзімділік мәселелері.
Раушан Миранбайқызының жетекшілігімен 11 ғылыми жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде 7 жоба мемлекеттік гранттық қаржыландыруға ие болды. Сонымен қатар бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясындағы бірқатар ірі ғылыми жобаларға жетекшілік етеді.
Ғалымның 100-ден астам ғылыми еңбегі жарық көрген. Оның ішінде халықаралық рецензияланатын басылымдарда жарияланған мақалалары Web of Science және Scopus дерекқорларына енген. Сонымен қатар 9 патенттің, 6 монографияның, оқу және әдістемелік құралдардың авторы.
Профессор Раушан Рыщанова ғылыми кадрлар даярлау ісіне де елеулі үлес қосып келеді. Оның жетекшілігімен 17 магистр және 3 PhD докторы даярланды. 2020 жылдан бері ветеринария мамандықтары бойынша диссертациялық кеңестің төрағасы қызметін атқарады.
Еңбегі жоғары бағаланып, «ҚР ғылымын дамытудағы еңбегі үшін» төсбелгісімен, «ЖОО-ның үздік оқытушысы» атағымен және өзге де марапаттарға ие болды.
Раушан Миранбайқызының кәсіби қызметі отандық ветеринария ғылымын дамытуға, жоғары білікті кадрлар даярлауға және ғылыми зерттеулер нәтижелерін практикаға енгізуге бағытталған.