
Қазақстан бойынша ұйымдастырылған Study in Kazakhstan жоғары білім беру көрмесі сәтті қорытындыланды. Ауқымды жоба талапкерлерге жоғары білім алу мүмкіндіктерін кеңінен таныстыруға бағытталып, қысқа мерзім ішінде елдің барлық өңірлерін қамтыды.
Көрме 2026 жылғы 7-25 сәуір аралығында өткізіліп, 14 елді мекенді қамтыды. Атап айтқанда, іс-шаралар Астана, Павлодар, Семей, Өскемен, Алматы, Қаскелең, Тараз, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, Ақтау және Жаңаөзен қалаларында ұйымдастырылып, 6 000 шақырымнан асатын аумақты қамтыды.
Өткен жылмен салыстырғанда жобаның ауқымы едәуір кеңейді. 2025 жылы көрме 7 өңірде өткізіліп, кейін батыс аймақтарды қамтыған болатын. Сол кезеңде іс-шараға негізінен 20-дан астам шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ғана қатысқан.
Биыл жобаға қызығушылық айтарлықтай артып, көрмеге Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындары мен елімізде ашылған шетелдік университеттердің филиалдары қатысты. Жалпы саны 60-тан астам университет пен филиал өз білім беру бағдарламаларын ұсынды. Олардың қатарында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті, Сәтбаев университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, SDU University, Қазақстан-Британ техникалық университеті, сондай-ақ Cardiff University, Coventry University, De Montfort University Kazakhstan, New York Film Academy, InnoTech, City University of Hong Kong, Anhalt University of Applied Sciences, Heriot-Watt University, Northwestern Polytechnical University, Ташкент ирригация институты және басқа да оқу орындары бар.
Көрме барысында 46 мыңнан астам оқушы қамтылып, ата-аналар мен педагогтер де белсенді қатысып, жоғары білім беру жүйесі туралы жан-жақты ақпарат алды. Қатысушылар білім беру бағдарламалары, мемлекеттік гранттар, қабылдау талаптары мен оқу ерекшеліктері жөнінде толық мәлімет алып, жоғары оқу орындарының өкілдерімен тікелей байланыс орнатты.
Жоба аясында ата-аналарға арналған семинарлар мен форумдар өткізіліп, кәсіби бағдар беру, мамандық таңдау және білім беру мүмкіндіктері кеңінен талқыланды.
Сонымен қатар көрме бағдарламасына белгілі сарапшылар қатысып, талапкерлер мен ата-аналарға ҰБТ-ға дайындық, мамандық таңдау және білім беру траекториясын жоспарлау бойынша тәжірибелік ұсынымдар берді.
Жобаның барлық өңірлеріндегі іс-шараларға ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев қатысып, талапкерлермен және ата-аналармен кездесулер өткізді. Кездесулер барысында жоғары білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтар, мемлекеттік гранттар және қабылдау науқанының ерекшеліктері түсіндірілді.
Study in Kazakhstan көрмесі талапкерлер үшін отандық және халықаралық білім беру мүмкіндіктерін бір алаңда таныстыратын тиімді жоба ретінде өз маңыздылығын тағы да дәлелдеді. Жоба мыңдаған жасқа саналы таңдау жасауға, болашақ мамандығын айқындауға және сапалы білім алуға бағыт-бағдар берді.