
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасында академик Төлеген Қожамқұловтың 80 жылдығына арналған «Заманауи физиканың жетістіктері және іргелі физикалық білім» атты X халықаралық ғылыми конференция өтті.
Салтанатты ашылу рәсімінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мерейтой иесін құттықтап, оның отандық ғылымды дамытуға қосқан үлесіне тоқталды.
«Сіздің есіміңіз ұлттық ғылымның дамуымен тығыз байланысты. Сіз физика-математика ғылымдарының докторы, көрнекті ғалым ретінде болашақ ұрпаққа баға жетпес ғылыми мұра қалдырдыңыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, ғылымды қолдау, ғалымдарға ел болып құрмет көрсету – бұл ең алдымен қоғамда еңбекқорлық, білімпаздық, жасампаздық құндылықтарын орнықтыру. Сіздің еңбегіңіз осы құндылықтардың айқын көрінісі», – деді министр.
Сонымен қатар конференция барысында академиктің торлық кванттық хромодинамика саласы бойынша КСРО-да алғашқы докторлық диссертациясын қорғағанына 40 жыл толғаны ерекше атап өтілді.
Жиында ҚазҰУ Басқарма төрағасы - ректор Жансейіт Түймебаев академиктің ғылым мен білім саласындағы еңбегін ерекше атап өтті.
«Төлеген Әбдісағиұлы – ірі ғалым ғана емес, білікті басшы, көреген ұйымдастырушы. Ол 2001-2008 жылдары университетті басқарып, білім сапасы мен ғылыми әлеуеттің жаңа деңгейге көтерілуіне зор үлес қосты. Ғалымның бастамасымен ҚазҰУ жанынан Эксперименттік және теориялық физика ғылыми-зерттеу институты құрылып, ғылым мен білімнің өзара ықпалдасуына жол ашты. Сондай-ақ оның қатысуымен құрылған Қазақстандық физикалық қоғам елдегі ғылыми қауымдастықты біріктіруге және жас зерттеушілерді қолдауға бағытталған маңызды ұйымға айналды», – деді университет басшысы.
Шара барысында ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, ҚазҰУ Директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми, Сенат депутаты Сұлтанбек Мәкежанов, сондай-ақ басқа да қоғам және мемлекет қайраткерлері, ғалымдар пікір білдірді.
Конференция аясында Рахат-Би Әбдісағиннің «Новые горизонты. Физика и музыка» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Ғылыми жиын барысында Қазақстан мен шетелдің жетекші ғалымдары ядролық физика, кванттық теория, фотоника, астрофизика және материалтану бағыттары бойынша пленарлық баяндамалар жасады.
Ғылыми форумның жұмысы теориялық және ядролық физикадан бастап, нанотехнология, астрофизика және конденсацияланған күй физикасына дейінгі өзекті мәселелерді қамтыған бес профильді секция аясында жалғасын тапты.