
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен «Қазгидромет» РМК арасында өзара серіктестік туралы меморандум мен студенттердің өндірістік тәжірибесіне арналған келісімшарт жасалды.
Құжаттарға Астана қаласында өткен Өңірлік экологиялық саммит аясында ҚазҰУ проректоры Марғұлан Ибраимов пен «Қазгидромет» РМК бас директоры Данара Алимбаева қол қойды.
Келісім бойынша «Гидрология» және «Метеорология» мамандықтарында оқитын студенттер кәсіпорын базасында өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие болды.
Ынтымақтастық аясында тараптар білім алушылар мен мамандардың ғылыми құзыреттерін дамыту, бірлескен зерттеу жобаларын жүзеге асыру және инновациялық гранттар конкурстарына қатысу бағытында күш-жігер біріктіруді көздеп отыр. Сонымен қатар университет пен кәсіпорын арасындағы байланысты нығайту мақсатында студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын арттыру, бірлескен ғылыми іс-шаралар ұйымдастыру және зерттеу нәтижелерімен алмасу жұмыстары жүргізіледі.
Білім алушылардың кәсіби практикасын ұйымдастыруға ерекше назар аударылады. Бұл білім алушы жастардың теориялық білімдерін бекітуге, практикалық дағдыларын дамытуға және гидрология мен метеорология салаларында кәсіби құзыреттерін қалыптастыруға бағытталған. Сондай-ақ ынтымақтастық аясында бірлескен ғылыми іс-шаралар өткізу және ғылыми жарияланым белсенділігін дамыту жоспарланған.