ҚазҰУ мен ЮНЕСКО халықаралық көрмеде білім берудегі инновацияларды ұсынды

ҚазҰУ мен ЮНЕСКО халықаралық көрмеде білім берудегі инновацияларды ұсынды

ҚазҰУ мен ЮНЕСКО халықаралық көрмеде білім берудегі инновацияларды ұсынды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Алматыдағы ЮНЕСКО Өңірлік кеңсесімен бірлесіп «Фалак: Су мен жердің әні» атты халықаралық ғылыми көрмеде инновациялық білім беру жобасын таныстырды. Іс-шара Астана қаласында Өңірлік экологиялық саммиті аясында өтті.

Көрмеде ҚазҰУ ғалымдары мен Алматыдағы ЮНЕСКО Өңірлік кеңсесі өкілдері интерактивті VR-кешенді ұсынды. Бұл экспозиция су ресурстарына, мұздық жүйелерге және климаттың өзгеруіне байланысты табиғи және антропогендік процестерді модельдеуге мүмкіндік береді.

Жоба заманауи білім беру тәсілдерін дамытуға, экологиялық сауаттылықты арттыруға және Орталық Азиядағы климаттық әрі гидрологиялық қауіптерді жүйелі түрде түсінуді қалыптастыруға бағытталған.

Виртуалды шынайылық технологиялары арқылы келушілер гидрологиялық және гляциологиялық үдерістердің әртүрлі аспектілерін қамтитын бірнеше тақырыптық локациялармен кезең-кезеңімен танысты. Бұл цифрлық ортада биік таулы мұздық кеңістігі қайта жасалып, далалық өлшеу әдістері, соның ішінде мұздық массасын бағалау, оның шегіну динамикасын бақылау және гидрометеорологиялық көрсеткіштерді талдау үдерістері көрсетілді. Сонымен қатар су ресурстарын басқару диспетчерлік орталықтарының қызметі модельденіп, климаттың өзгеруі жағдайында су ағынын реттеу мен бөлудің маңызы түсіндірілді.

Жекелеген бөлім ауыл шаруашылығы алқаптарына арналды. Онда заманауи суару жүйелері және олардың өңірдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі көрініс тапты. Қорытынды бөлімде пайдаланушылар гляциалдық сел ағындарының қалыптасуына әсер ететін факторларды анықтауға бағытталған интерактивті тапсырмаларды орындады. Бұл факторларға температура, жауын-шашын, беткей морфологиясы және мұздық көлдердің жағдайы жатады.

VR-технологияларды қолдану күрделі табиғи үдерістерді көрнекі түрде түсіндіруге ғана емес, сонымен қатар климаттық өзгерістер мен гидрологиялық тәуекелдер арасындағы өзара байланыстарды жүйелі түрде ұғынуға жол ашады.