
Өңірлік сарапшылар саммиті аясында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек халықаралық ұйымдардың басшыларымен және шет мемлекеттердің ғылыми-білім беру ведомстволарының өкілдерімен бірқатар маңызды кездесулер өткізді.
Келіссөздер ғылым, білім, технологиялар және орнықты даму салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды. Әсіресе технологиялар трансфері, бірлескен ғылыми бастамаларды дамыту, сондай-ақ жаһандық сын-қатерлерді шешудегі академиялық қауымдастықтың рөлін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ОИС) Ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комитетінің (COMSTECH) үйлестірушісі, профессор Мұхаммад Икбал Чоудхаримен кездесу барысында Ислам ынтымақтастығы ұйымы аясындағы әріптестікті кеңейту перспективалары, соның ішінде бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын іске асыру және зерттеу бастамаларын қолдау мәселелері талқыланды.
Германияның Федералдық білім және ғылыми зерттеулер министрлігінің өкілдері – Патрисия Романовски ханым мен доктор Петер Либельтпен (Орталық Азияның орнықты инновациялар бюросының – CASIB басшысы) кездесуде технологиялық ынтымақтастықты дамыту, экологиялық инновацияларды енгізу және бірлескен зерттеу жобаларын қолдау мәселелері қарастырылды.
БҰҰ-ның Женевадағы кітапханасы мен архивтерінің директоры Шарлотта Варакаулемен өткен келіссөздер барысында БҰҰ кітапханасы және архивтерімен өзара іс-қимыл мүмкіндіктері, оның ішінде халықаралық ғылыми ресурстарға қолжетімділікті кеңейту және академиялық инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды.
Кездесулердің соңы Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобының төрағасы, профессор Джим Скимен өткен кездесумен қорытындыланды. Тараптар климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимылдағы ғылымның рөлін, сондай-ақ өңірдің сараптамалық және зерттеу әлеуетін нығайту мәселелерін талқылады.
Кездесулер қорытындысы бойынша әріптестікті одан әрі дамыту, тәжірибе алмасу және орнықты дамуға, сондай-ақ Қазақстанның жаһандық ғылыми-білім беру кеңістігіне ықпалдасуына бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыру жөнінде келісімдерге қол жеткізілді.