SDU University қабырғасында «Жаңа Конституция – Жастар» студенттік көшбасшылардың республикалық форумы өтті.
Іс-шараға еліміздің барлық өңірінен 80-ге жуық жоғары оқу орнының өкілдері, 160-тан астам студент және 500-ге жуық қонақ қатысты. Қатысушылар арасында студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының көшбасшылары, студенттік үкіметтердің президенттері, омбудсмен институттарының өкілдері және белсенді жастар болды. Форум тәжірибе алмасу және күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылау үшін маңызды Республикалық алаңға айналды.
Форум аясында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, жаңа Конституцияның негізгі ережелерін түсіндіру, сондай-ақ Абай Құнанбаевтың «Толық адам» ілімі негізінде рухани-адамгершілік, зияткерлік және көшбасшылық қасиеттерді дамыту мәселелері талқыланды.
Бағдарламаға «Нұрлы ақыл», «Жылы жүрек», «Ыстық қайрат» бағыттары бойынша панельдік сессиялар, практикалық воркшоптар мен пікірталас алаңдары кірді. Экологиялық акция аясында 20 көшет отырғызылып, «Көшбасшылар» аллеясының ашылуына орай ағаш отырғызу рәсімі өткізілді.
Салтанатты іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан, SDU University ректоры Әлімжан Игенбаев, сондай-ақ форум қонақтары мен қатысушылары қатысты.
Форум барысында білім беруді дамыту, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, жастар саясаты және әлеуметтік жауапкершілік мәселелері де талқыланды. Қатысушылар іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және нетворкинг байланыстарының тиімді өткенін атап өтті.
Іс-шара қорытындысы бойынша студенттердің көшбасшылық және кәсіби құзыреттілігін арттыру, жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайту және жастардың қоғамдық өмірге қатысуын кеңейту бойынша нақты қадамдар белгіленді.