23 сәуірде Астана қаласындағы «Назарбаев Университет» ДББҰ жанындағы Institute of New Materials and Energy Technologies базасында сирек және сирек кездесетін материалдар саласындағы флагмандық ғылыми бағдарламаны іске асыру мәселелері бойынша кеңес өтті.
Іс-шараны 2027-2031 жылдарға арналған аталған бағдарламаның негізгі әзірлеушісі – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы ұйымдастырды.
Кеңес жұмысына ҚР ҰҒА академиктері, ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс, Ғылым және жоғары білім, Энергетика министрліктерінің өкілдері, ҚР Ұлттық ядролық орталығы, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, Ядролық физика институты, сондай-ақ еліміздің жетекші ғалымдары қатысты.
Талқылаудың негізгі өзегінде ҚР Премьер-министрінің экономиканың қажеттіліктеріне бағдарланған басым ғылыми-технологиялық бағыттарды қалыптастыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында әзірленген «Қазақстан Республикасының энергетика саласында жаңа буындағы сирек және сирек кездесетін материалдарын өндіру мен қолдануға арналған ғылыми-технологиялық базаны құру» бағдарламасы болды.
Бағдарламаның басты мақсаты – Қазақстанда сирек және сирек кездесетін металдарын терең өңдеуге, сондай-ақ ядролық, сутектік және болашағы зор термоядролық энергетика үшін жоғары технологиялық өнімдер жасауға арналған ғылыми-технологиялық негіз қалыптастыру.
Кеңесті ашқан ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев бұл бағыттың стратегиялық маңызын ерекше атап өтті:
«Бүгінде сирек және сирек кездесетін металдары мәселесі Қазақстан үшін тек геология немесе шикізатты өңдеу мәселесі ғана емес. Бұл – технологиялық тәуелсіздік, энергетиканы дамыту, жаңа индустрияларды қалыптастыру және түптеп келгенде ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселесі».
Оның айтуынша, Қазақстанның ресурстық әлеуеті зор болғанымен, қосылған құнның негізгі бөлігі әлі де терең өңдеу және материалдар өндіру кезеңдерінде қалыптасып отыр.
«Бізде шикізат бар, алайда оны өндіруден бастап түпкілікті жоғары технологиялық өнім шығаруға дейінгі құн тізбегін жеткілікті деңгейде бақылап отырған жоқпыз», – деп атап өтті А.Күрішбаев.
Кеңес барысында шикізат базасын зерттеуден және оны алу технологияларын әзірлеуден бастап, жоғары тазалықтағы қосылыстар алуға және энергетика мен өнеркәсіпте қолданылатын материалдар жасауға дейінгі тұтас ғылыми-технологиялық тізбекті қалыптастыру мәселелері қаралды.
Бағдарлама стратегиялық маңызы бар бірқатар бағыттарды қамтиды. Атап айтқанда, сирек кездесетін шикізатты өңдеу технологияларын әзірлеу, жаңа буындағы жоғары температуралы асқынөткізгіштер жасау, ядролық қауіпсіздік саласына цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект элементтерін енгізу, сондай-ақ сутектік технологияларды дамыту көзделген.
Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар 2027–2031 жылдарға арналған флагмандық ғылыми-техникалық бағдарламаны іске қосу, ведомствоаралық жұмыс тобын құру, басым бағыттар мен пилоттық жобалар тізбесін қалыптастыру, сондай-ақ оны іске асырудың жол картасын әзірлеу жөніндегі ұсыныстарды қарастырды.
«Бүгін декларативті емес, нақты практикалық шешім қабылдау маңызды – осы бағдарламаны флагмандық ғылыми-технологиялық жоба ретінде іске қосу қажет. Бұл Қазақстанға шикізаттық модельден жаңа экономиканы қалыптастыратын технологиялар мен материалдар жасау моделіне көшуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті ҚР ҰҒА президенті.
INMET бас директоры, ҚР ҰҒА академигі, NU профессоры Жұмабай Бәкенов флагмандық бағдарламаның негізгі бағыттары мен мазмұнын таныстырды.
«Бағдарлама аясында ресурс қорын зерттеу, сирек және сирек кездесетін элементтерді алу мен өңдеу технологияларын әзірлеу, оларды қолдану, соның ішінде шағын модульдік реакторларда пайдалану, сондай-ақ қазақстандық шикізат негізінде «жасыл» сутегі өндірісін жергіліктендіріп, дамыту көзделген», – деді INMET бас директоры.
Бағдарламаны іске асыру Қазақстанда сирек және сирек кездесетін материалдар саласында толыққанды ғылыми-технологиялық тізбек қалыптастыруға, отандық өнімнің қосылған құнын арттыруға, технологиялық тәуелділікті төмендетуге және экономиканың жаңа жоғары технологиялық салаларын дамытуға негіз қалауға мүмкіндік береді.