Қазақстандық университеттер RES 2026 EXPO халықаралық жасыл және тұрақты технологиялар көрмесінде экология және тұрақты даму саласындағы ауқымды ғылыми әзірлемелерін таныстырды

Қазақстандық университеттер RES 2026 EXPO халықаралық жасыл және тұрақты технологиялар көрмесінде экология және тұрақты даму саласындағы ауқымды ғылыми әзірлемелерін таныстырды

Қазақстандық университеттер RES 2026 EXPO халықаралық жасыл және тұрақты технологиялар көрмесінде экология және тұрақты даму саласындағы ауқымды ғылыми әзірлемелерін таныстырды

Өңірлік экологиялық саммит аясында мемлекеттер басшылары RES 2026 EXPO халықаралық жасыл және тұрақты технологиялар көрмесін аралады. Көрмеде «жасыл» энергетика, табиғи ресурстарды басқару және тұрақты даму салаларындағы елдердің негізгі ұлттық басымдықтарын айқындайтын павильондар ұсынылды.

Саммиттің панельдік сессиясында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек:

«Жасыл технологиялар мен тұрақты экономиканы дамыту қуатты ғылымсыз және жаңа буын кадрларын даярлаусыз мүмкін емес. Біз білім беру жүйесін экономиканың сұранысына сай жаңғыртып жатырмыз – жасанды интеллект, инженерия және климаттық технологиялар бағыттарын дамытып, индустриялық PhD бағдарламасын енгізіп, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты күшейтіп, энергетикалық жобалар үшін кадрлық негіз қалыптастырып келеміз», – деп атап өтті.

Қазақстан Республикасының экспозициясына еліміздің 8 жетекші жоғары оқу орны қатысып, Қазақстан, Армения, Грузия, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан президенттеріне, сондай-ақ халықаралық делегацияларға экологиялық және климаттық өзекті міндеттерді шешуге бағытталған кешенді ғылыми әзірлемелерін таныстырды.

Қазақстандық жоғары оқу орындары іргелі зерттеулерден бастап дайын технологиялық шешімдер мен «жасыл» экономикадағы бизнес-кейстерді енгізуге дейінгі жүйелі тәсілді көрсетті.

 

Қуаң аймақтар мен азық-түлік қауіпсіздігіне арналған кешенді шешімдер

Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті Каспий маңының қуаң аймақтары жағдайында тұрақты агроөндірісті дамытуға арналған бірегей ғылыми-практикалық модельді ұсынды. Әзірлеме тозған жерлерді қалпына келтіруден бастап экологиялық таза өнім алуға дейінгі толық циклді қамтиды.

Негізгі тетік ретінде «тік ойықтар» әдісін пайдалана отырып, жайылымдарды фитомелиорациялау технологиясы ұсынылды. Бұл әдіс микроклимат қалыптастырып, қатты қуаңшылық жағдайында аридтік өсімдіктердің (соның ішінде прутняк пен камфоросма) тіршілігін сақтауға мүмкіндік береді. Аталған технология бүгінде Қазақстанның батыс өңірлеріндегі жердің тозуын болдырмаудың тиімді құралы ретінде қарастырылуда.

Қалпына келтірілген жайылымдар негізінде университет қоректік құндылығы жағынан дәстүрлі жем-шөпке тең, бірақ құны төмен әрі экологиялық тұрғыдан тиімді, әлемде теңдесі жоқ инновациялық жоғары ақуызды «Плодофураж» жемін әзірледі.

Бұдан бөлек, жергілікті бактерия штамдарын пайдалану арқылы акваөсіруге арналған пробиотикалық жем-шөп түрлері жасалды. Бұл бекіре тұқымдас балықтарды антибиотик қолданбай өсіруге мүмкіндік береді.

Қорытынды кезең ретінде нормаланған азықтандыру жүйесін, «электрлі бақташыны» және ІТ-мониторингті қамтитын «ақылды» мал шаруашылығы технологиялары енгізілуде. Бұл осал экожүйелерді сақтай отырып, өнімділікті арттыруға, атап айтқанда тірі салмақ өсімін 20%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

 

Цифрлық платформалар және циркулярлық экономика

Шәкәрім университеті тұрақты даму тұжырымдамасына кіріктірілген ғылыми және білім беру шешімдерінің кешенін ұсынды. Негізгі элемент ретінде ғылыми әзірлемелерді, білім беру ресурстарын және агроөнеркәсіптік кешенге арналған практикалық құралдарды біріктіретін Agrosector цифрлық платформасы таныстырылды.

Платформа технологиялар трансфері, аграрлық әлеуетті талдау және мамандардың біліктілігін арттыру функцияларын атқарып, ғылым, бизнес және фермерлік қауымдастық арасындағы өзара байланысты қамтамасыз етеді.

Университет экспозициясы төрт негізгі бағыт:

Green Energy – жаңартылатын энергетика мен энергия тиімділігі саласындағы әзірлемелер, оның ішінде тәжірибелік қондырғылар мен ауыл шаруашылығы дақылдарын бейімдеуге арналған зерттеулер;

Food Tech – азық-түлік технологиялары саласындағы 10-нан астам ғылыми жоба, оның ішінде инновациялық өнімдер мен функционалды сүт өнімдері;

Green Tech – қайталама ресурстарды қайта өңдеу (металлургия, мұнай өңдеу), сондай-ақ биологиялық құндылығы жоғары әрі экологиялық туризм аясында ілгерілету әлеуеті бар фито-шайлар өндіруге арналған «Фито-лайф» жобасы;

Upcycling – ресурстарды қайта пайдалану технологиялары мен қалдықтарды қосылған құны жоғары өнімге айналдыруды қамтитын циркулярлық экономиканы дамыту бағыттары бойынша құрылымдалды.

 

Каспий өңірі мен көміртектендіруге арналған ғылыми шешімдер

Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті қазақстандық экспозиция аясында Каспий теңізінің су деңгейінің төмендеуі, экожүйенің тозуы және антропогендік жүктеме секілді күрделі экологиялық проблемаларды шешуге бағытталған зерттеулер блогын ұсынды.

Құны 4 млрд теңге болатын ауқымды ғылыми бағдарлама іске асырылуда. Ол төрт негізгі бағытты қамтиды:

- теңіз көлігіне арналған экологиялық таза отын түрлерін әзірлеу;

-теңіз деңгейінің өзгеруін ескере отырып, кеме қатынасы бағыттарын модельдеу және оңтайландыру;

- математикалық модельдеу негізінде мұнай төгінділерін болжау және жою;

- декарбонизация құралы ретінде сутек энергетикасын дамыту.

Бағдарлама аясында Каспий теңізі динамикасына спутниктік зерттеулер жүргізіліп, халықаралық ғылыми орталықтармен бірлескен жобалар іске асырылуда, сондай-ақ өнеркәсіптік серіктестермен қолданбалы әзірлемелер жүзеге асырылуда.

Практикалық шешімдердің қатарында 100 мың тоннаға дейінгі шина мен полимер қалдықтарын модификацияланған мұнай битумына айналдыру технологиясы, сондай-ақ өндірістік қалдықтарды пайдалану арқылы минералды тыңайтқыштар мен құрылыс материалдарын өндіру әзірлемелері бар.

 

Биотехнологиялар, «жасыл» экономика және ақылды кампустар

Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті екі стратегиялық бағыт бойынша әзірлемелерін ұсынды.

«Жасыл» экономика аясында биоалуантүрлілікті сақтау жобалары жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Жетісу Алатауының сирек және эндемик өсімдіктерін in vitro әдісімен өсіру қолға алынған.

Қалдықсыз технологиялар саласында қара әскер шыбынының дернәсілдерін пайдалану арқылы органикалық қалдықтарды қайта өңдеудің инновациялық жүйесі ұсынылды. Бұл жүйе ең аз ресурс жұмсай отырып, ақуызды биомасса, май және тыңайтқыш алуға мүмкіндік береді.

Агробиотехнология саласында Genomic Selection және Speed Breeding секілді заманауи селекция әдістері енгізілуде. Бұл тәсілдер ауыл шаруашылығы дақылдарының жылына 4-6 ұрпағын алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар «ақылды» университет тұжырымдамасы дамып келеді. Smart Zhetysu цифрлық платформасы білім беру үдерістерін автоматтандыруды, AI-прокторингті енгізуді, цифрлық көмекшілер мен инклюзивті технологиялардың жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

Бұдан өзге электр көлігінің прототиптері, пластикті қайта өңдеуге арналған портативті құрылғылар және мониторингке арналған ұшқышсыз жүйелер таныстырылды.

 

Су ресурстарын басқару және жасанды интеллект

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті су қауіпсіздігі саласындағы инновациялық шешімдерді ұсынды.

Негізгі жоба ретінде жасанды интеллектті пайдалану арқылы су ресурстарын кешенді басқаруды қамтамасыз ететін DeepBas цифрлық платформасы таныстырылды. Бұл платформа Қазақстан Республикасы Үкіметінің қолдауына ие болып, еліміздің ірі су бассейндерінде енгізілуі жоспарлануда.

Халықаралық ынтымақтастық аясында шетелдік университеттермен бірлескен білім беру бағдарламалары жүзеге асырылып, су ресурстары саласына мамандар даярлануда.

Сондай-ақ құрылғылардан түсетін деректер негізінде су ресурстарын нақты уақыт режимінде басқаруға мүмкіндік беретін жоғары тиімді су пайдалану зертханасы құрылды.

Қосымша ретінде үлкен деректер мен жасанды интеллект негізінде өңірлердің тұрақты дамуына арналған шешім қабылдауды қолдау жүйесі әзірленуде.

 

«Жасыл» кампустар және экологиялық мәдениет

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті Green EKTU моделін ұсынды. Ол Green Science, Green Education, Green Technologies және Green Mind бағыттарын қамтиды.

Экологиялық сананы қалыптастыруға және «жасыл» экономика үшін кадрлар даярлауға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл ретте тұрақты даму, жаңартылатын энергетика және экологиялық қауіпсіздік салаларындағы білім беру бағдарламалары жүзеге асырылуда.

Университет сондай-ақ геоақпараттық жүйе технологияларын, спутниктік деректер мен математикалық модельдеуді пайдалана отырып, су тасқыны мен қар көшкіндерін мониторингтеуге арналған қолданбалы жобаларды іске асырып келеді.

 

Қалдықтарды басқару және экологиялық білім беру

Abai University қалдықтарды басқару, энергия тиімділігі және экологиялық мәдениетті қалыптастыру салаларындағы жобалар кешенін ұсынды.

Негізгі әзірлемелердің қатарында шалғай нысандарға арналған баламалы электр станциялары, биогумус өндіру технологиялары, мұнаймен ластанған аумақтарды тазартуға арналған мобильді қондырғылар, сондай-ақ «жасыл» кампустарды дамыту және жастарды экологиялық күн тәртібіне тарту бастамалары бар.

 

Қалалық ортаның экологиясы мен тұрақты дамуы саласындағы ғылыми әзірлемелер

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті тұрақты дамудың экологиялық, аграрлық және урбанистикалық міндеттерін шешуге бағытталған ғылыми әзірлемелерін ұсынды.

Солардың бірі – қалалық ортаны абаттандыруға арналған экоконструкциялық модульдер жобасы. Бұл жоба жергілікті санитарлық тазарту мен көгалдандыруға арналған биологиялық, инженерлік және цифрлық шешімдерді біріктіреді. Технология PM2.5 концентрациясын 20–30%-ға төмендетуді, микроклиматты жақсартуды (температураны 1–2°C-қа төмендету), көгалдандыру деңгейін арттыруды және жайлы қоғамдық кеңістіктер қалыптастыруды қамтамасыз етеді. Модуль құрамына тік көгалдандыру, фитосүзгілер, күн панельдері, экологиялық мониторинг датчиктері және қоғамдық инфрақұрылым элементтері кіреді.

Қалдықтарды қайта өңдеу саласында фосфор және көмір өндірісінің техногендік қалдықтары негізінде капсулаланған фосфорқұрамды минералды тыңайтқыштар алу технологиялары ұсынылды. Бұл шешімдер топырақ құнарлылығын және ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға бағытталған.

Хризотил-асбест қалдықтарын қайта өңдеу бойынша әзірлемелер ағынды суларды тазартуға, ауыр металдарды сорбциялауға, ластанған аумақтарды рекультивациялауға және қышқылды шахталық суларды бейтараптандыруға қолданылатын магний және кремний құрамды өндірістік қосылыстар алуға мүмкіндік береді.

Су үнемдеу бағытында топырақтағы ылғалды ұстап тұруды, суару қажеттілігін азайтуды, өсімдіктердің қуаңшылыққа төзімділігін арттыруды және өнімділікті көбейтуді қамтамасыз ететін модификацияланған акрил қосылыстары негізіндегі суперсорбентті гидрогель технологиясы ұсынылды.

Осылайша университет әзірлемелері қалалық ортаны экологияландырудан бастап аграрлық және өндірістік шешімдерге дейінгі тұрақты дамуға кешенді көзқарасты көрсетіп, Қазақстанның «жасыл» экономиканы дамытудағы үлесін күшейтеді.

 

Жалпы алғанда ұсынылған әзірлемелер Қазақстандағы ғылым, білім және инновация интеграциясының жоғары деңгейін көрсетеді.

Бұл экологиялық күн тәртібі – мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдығы. Қазақстандық университеттер климаттың өзгеруіне бейімделуге, ресурстарды ұтымды пайдалануға және болашақтың тұрақты экономикасын қалыптастыруға бағытталған шешімдерді әзірлейтін негізгі орталықтарға айналып келеді.

Отандық жоғары оқу орындарының RES 2026 EXPO халықаралық көрмесіне қатысуы олардың халықаралық ғылыми ынтымақтастықтағы және «жасыл» технологияларды жаһандық деңгейде ілгерілетудегі рөлінің артып келе жатқанын айғақтайды.