Қазақстан-Франция университеттері ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілді

Қазақстан-Франция университеттері ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілді

Қазақстан-Франция университеттері ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілді

Бүгін Абай университетінде Франция Лотарингия университетінің арнайы делегациясымен кездесу өтіп, Қазақстан мен Франция арасындағы жоғары білім беру саласындағы академиялық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Аталған бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде беделді шетелдік университеттердің филиалдарын ашу және стратегиялық әріптестікті тереңдету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында жүзеге асып отыр.

Кездесу барысында Абай университеті жанындағы Лотарингия университеті филиалының қызметіне қатысты өзекті мәселелер мен Еуропалық білім беру кеңістігіне ықпалдасу жолындағы маңызды қадамдар талқыланып, серіктестік жөніндегі меморандумға қол қойылды. Тараптар Қазақстандағы Лотарингия университеті филиалы мен Сорбонна-Қазақстан институтының негізінде біртұтас академиялық платформа қалыптастыру, бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру және ғылыми бастамаларды дамыту тетіктерін қарастырды. Сонымен қатар француз серіктестерінің филиал жұмысына қатысуын институционалдық тұрғыдан реттейтін келісім әзірленіп, бұл маңызды құжатқа алдағы уақытта қол қою жоспарланды.

Екіжақты кездесуге Франция тарапынан Францияның Бас консулы Максим Жеренже, Лотарингия университетінің вице-президенті Сесиль Новэль, Лотарингия университетінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі басшысы Владан Бозилович және Франция Елшілігінің кеңесшісі Себастьян де Куртура қатысты. Абай атындағы ҚазҰПУ тарапынан Басқарма төрағасы–Ректор Болат Тілеп, Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Бану Нарбекова және Сорбонна-Қазақстан институтының директоры Айнұр Сабитова қатысып, алдағы ортақ жобаларды жүзеге асыруға дайын екендерін білдірді.

Қазақстан-Франция жоғары білім беру салаларындағы өзара іс-қимылдың басым бағыты ретінде академиялық ұтқырлықты арттыру және жаңа оқу жылынан бастап «Халықаралық құқық» мамандығы бойынша қос дипломды білім беру бағдарламасын іске қосу мәселесі айрықша назарға алынды. Сонымен бірге профессорлар–оқытушылар құрамының өзара тәжірибе алмасу сапарларын ұйымдастыру, студенттерге арналған алмасу бағдарламалары мен академиялық тағылымдамаларды кеңейту мәселелері мақұлданды.