
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің студенттері оқытушыларының жетекшілігімен екі жыл бойы озық машина жасау орталығында жарысқа арналған автокөлік – болид құрастырды. Жобаның идеясын әзірлеуден бастап, модельді жобалау және бөлшектерді құрастыруға дейінгі барлық кезең толықтай университет қабырғасында жүзеге асырылды.
Болидті салтанатты таныстыру рәсіміне автомобиль жасау саласындағы кәсіпорын өкілдері қатысты. Айта кету керек, Қостанай өңірі Қазақстанның автокөлік өнеркәсібінің жетекші орталықтарының бірі саналады. Мұнда бірнеше танымал брендтің автокөліктері табысты түрде құрастырылып келеді.
ҚӨУ ректоры Сейтбек Қуанышбаевтың айтуынша, бұл жоба – білім беру мен өндірісті ықпалдастыруға бағытталған маңызды бастама.
«Жоба идеясы 2023 жыл басында пайда болды. Қостанайда толыққанды отандық бренд қалыптастыру үшін осындай студенттік бастамалардан бастау қажет. Біздің негізгі міндетіміз – машина жасау саласына дайын мамандар даярлау. Студенттер оқу барысында автокөліктің қалай құрастырылып, қалай жұмыс істейтінін тәжірибе жүзінде меңгеруі тиіс», – деді ректор.
Бұл болид – Қазақстанда студенттер мен оқытушылардың күшімен толықтай жасалған алғашқы автокөліктердің бірі. Әрбір бөлшек алдымен цифрлық форматта жобаланып, компьютерлік сынақтардан өтті. Сәтті симуляциялардан кейін ғана соңғы нұсқасы дайындалды.
Жоба университет пен серіктес ұйымдардың бірлескен еңбегінің нәтижесінде жүзеге асты. Серіктестер бөлшектерді станоктарда өңдеуге және импорттық компоненттерді сатып алуға қолдау көрсетті. Бір орындық жарыс болиді небәрі үш секунд ішінде 100 км/сағ жылдамдыққа дейін үдей алады. Көліктің техникалық мүмкіндіктерін машина жасау, энергетика және ақпараттық технологиялар факультетінің студенттері тәжірибе жүзінде көрсетті.
ҚӨУ-дың озық машина жасау орталығының басшысы Валерий Сисиннің айтуынша, алдағы уақытта студенттер халықаралық «Формула-студент» инженерлік жарысына қатысуды жоспарлап отыр.
«Бұл жарыс аясында студенттер нөлден бастап жарыс болидін жобалап, есептеп, құрастырады. Жоба «қатаң инкубатор» қағидасы бойынша іске асады. Нәтижесінде түлектер теориялық біліммен қатар практикалық дағдыларды толық меңгеріп, отандық автопромды дамытуға немесе жоғары технологиялық салаларда жұмыс істеуге дайын маман ретінде қалыптасады. Студенттер теориялық зерттеулерден бастап, компьютерлік модельдеу және сандық басқарылатын станоктарына арналған бағдарламалар әзірлеуге дейін толық циклден өтеді», – деді ол.