ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ ВИЦЕ-МИНИСТРІ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ ВИЦЕ-МИНИСТРІ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ ВИЦЕ-МИНИСТРІ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

17 сәуірде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Ринатқызы Щеглова Алматы қаласының тұрғындарымен кездесіп, ғылым мен жоғары білім саласын жаңғыртуға бағытталған мәселелер бойынша ашық пікір алмасты.

Вице-министр өз сөзінде еліміздің 2023-2029 жылдарға арналған жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасы кезең-кезеңімен іске асып жатқанын атап өтті.

«Жоғары білім мен ғылым – елдің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі күш. Біз білім беру жүйесін еңбек нарығының нақты сұранысына сәйкестендіріп, ғылыми әлеуетті нығайтуға басымдық беріп келеміз», – деді Динара Ринатқызы.

Мемлекет басшысының жоғары білімді қаржыландырудың жаңа моделін енгізу жөніндегі тапсырмасы аясында тиісті жұмыс жүргізіліп жатқаны және оның 2029 жылға дейін кезең-кезеңімен енгізілетіні айтылды.

Кездесуде цифрлық трансформация мәселесі де кеңінен талқыланды. «AI-Sana» бағдарламасы аясында жүздеген мың студент жасанды интеллект негіздерін меңгерді. Бағдарламамен қатар Huawei Technologies Kazakhstan, Coursera, NVIDIA, Binance Kazakhstan және OpenAI сияқты жетекші халықаралық компаниялармен тығыз ынтымақтастық орнатылды.

Бүгінде 671 мыңнан астам студент жасанды интеллект негіздерін меңгеріп, 80 жоғары оқу орнында 308 жасанды интеллект агенті енгізілді. Huawei компаниясымен бірлесіп 48 университетте Huawei ICT Academy құрылды, ал NVIDIA-ның Deep Learning Institute (DLI) жобасына 12 жоғары оқу орны қатысып жатыр.

Сонымен қатар OpenAI әзірлеген ChatGPT Edu сервисі арқылы профессор-оқытушылар құрамына 62 800 лицензия бөлінді, бұл жоғары білім беру жүйесінде жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Іс-шара соңында қатысушылар өз сұрақтарын қойып, гранттарға қолжетімділік, жас ғалымдарды қолдау, білім беру жүйесін цифрлық форматқа көшіру мәселелері бойынша ұсыныстарын білдірді. Әрбір өтініш жеке қаралып, азаматтарды жеке қабылдау ұйымдастырылды.