Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ғылым, бизнес және мемлекеттік құрылымдардың басын қосқан IV «Digital Farabi 2026» халықаралық форумы басталды. Биылғы ауқымды жиын цифрландыру мен жасанды интеллектіні ел мен өңір дамуының стратегиялық бағыты ретінде қарастыруға арналған.
Форум аясында қатысушылар назарына IT-компаниялар мен стартап-жобалардың көрмесі ұсынылды. Экспозиция жұмысымен ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен вице-министр Динара Щеглова танысты. Министр университет ғалымдарының инновациялық әзірлемелерін аралап көріп, отандық ғылымның цифрлық жетістіктері мен технологиялық әлеуетіне жоғары баға берді.
Халықаралық жиынның салтанатты ашылуында мемлекеттік деңгейдегі міндеттерге тоқталған вице-министр Динара Ринатқызы бүгінгі таңда мамандарды жаңаша даярлаудың маңыздылығына назар аударды.
«Бүгінде жоғары білім беру жүйесіне жаңа міндеттер жүктеліп отыр. Оның ішінде жоғары технологияларды нақты үдерістерге енгізе алатын, оларды әзірлеп қана қоймай, сонымен қатар қауіпсіз әрі этикалық тұрғыда қолдануды қамтамасыз ететін мамандар даярлау бар», – деді вице-министр.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «AI-Sana» бағдарламасының нәтижесінде ҚазҰУ білімгерлерінің оқудан сәтті өткенін, бұл жастардың жасанды интеллект саласына деген жоғары қызығушылығын дәлелдейтінін жеткізді.
ҚазҰУ Басқарма төрағасы - ректор Жансейіт Түймебаев құттықтау сөз сөйлеп, университеттің жаңа дәуірдегі миссиясына тоқталды.
«ҚазҰУ цифрлық трансформацияны стратегиялық дамудың аса маңызды бағыты ретінде қарастырады. ХХІ ғасыр университеті тек білім мен ғылым орталығы ғана емес, сонымен қатар жаңа технологиялар, құзыреттер мен мағыналар қалыптасатын кеңістік болуы тиіс», – деп атап өтті университет басшысы.
Халықаралық деңгейдегі өзгерістер жайлы UWEE Group ротациялық төрағасы, Бельгия Королінің кеңесшісі Гилберт ван Керкхове сөз сөйлеп, «Бүгінде цифрлық трансформация білім беру үдерістеріне, ұйымдардың жұмыс істеуіне, басқару жүйелеріне және экономиканың дамуына деген көзқарасты түбегейлі өзгертіп отыр», – деп ҚазҰУ-ға осындай маңызды шараны ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді.
Сондай-ақ Германия, Қытай, Польша және Сербиядан келген жетекші мамандар пленарлық сессияда кванттық технологиялар мен инновациялық басқару мәселелерін талқылады. Форум жұмысы «Индустриялық ақпараттық жүйелер және жасанды интеллект», «Киберқауіпсіздіктегі жасанды интеллект» және «Big Data & AI: келесі буын цифрлық технологиялары» бағыттары бойынша секциялық мәжілістерге ұласты.
Жиын аясында ҚазҰУ мен «CSAI Group» ЖШС арасында ынтымақтастық туралы меморандум бекітіліп, тараптар бірлескен ғылыми-индустриялық жобаларды іске асыру, технологиялар трансферін дамыту және білікті кадрлар даярлау жөнінде уағдаласты. Сонымен қатар шара барысында Huawei компаниясының қатысуымен өткен «Innovation and Career» арнайы сессиясында студенттер мен жас мамандардың кәсіби дамуына арналған жаңа мүмкіндіктер таныстырылды.