
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстанның төмен биіктік экономикасы индустриялық-зерттеу орталығының (KazLAE Industrial Research Center) салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жаңа орталық цифрлық шешімдерді әзірлеу, жасанды интеллект пен индустриялық технологиялар саласында бірлескен зерттеулер жүргізу және жоғары білікті мамандар даярлауға арналған инновациялық алаң ретінде құрылды.
Шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, вице-министр Динара Щеглова, ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасы - ректор Жансейіт Түймебаев, сондай-ақ халықаралық сарапшы Гилберт ван Керкхове бастаған шетелдік делегация мен технологиялық компаниялардың өкілдері қатысты.
Рәсім барысында сөз сөйлеген министр Саясат Нұрбек Конституцияда білім мен ғылым ел дамуының стратегиялық іргетасы ретінде айқындалғанын атап өтті. Министрдің айтуынша, инновациялық экожүйенің өзегі зерттеу университеттерінде шоғырлануы тиіс.
«Бұл реформалар аясында ҚазҰУ-дың орны ерекше. Университеттің табиғаты қалыптасу кезеңінен бастап зерттеу моделіне негізделген. Соңғы үш жылда елімізде ашылған 300-ден астам зертхананың ең озықтары осы қара шаңырақ базасында орналасқан», – деді ведомство басшысы.
Университет ректоры Жансейіт Түймебаев жаңа орталықтың Мемлекет басшысының Қазақстанды өңірлік IT-орталыққа айналдыру және ғылымды өндіріспен ұштастыру жөніндегі тапсырмасын орындаудағы маңызына тоқталды. Ректордың пайымынша, KazLAE орталығы – ұшқышсыз авиация, аэромобильділік және интеллектуалды басқару жүйелерін дамытатын стратегиялық нысан.
«Мұнда ғалымдар мен өндіріс өкілдері күш біріктіріп, экономиканы технологиялық жаңғыртуға нақты нәтиже беретін қолданбалы жобаларды іске асырады. Біздің басты басымдығымыз – инженерлік кадрлардың жаңа буынын қалыптастыру», – деп түйіндеді университет басшысы.
Бельгия Королінің кеңесшісі Гилберт ван Керкхове өз кезегінде бұл орталықты университет пен бизнес арасындағы технологиялар трансферін жеделдететін тиімді құрал ретінде бағалады.
Тұсаукесер барысында KazLAE Industrial Research Center орталығының технологиялық әлеуеті мен негізгі даму бағыттары таныстырылды. Шара аясында ҚазҰУ мен халықаралық серіктестер арасында стратегиялық ынтымақтастық меморандумдарына қол қойылды. Құжат негізінде тараптар бірлескен ғылыми-индустриялық жобаларды іске асыру, технологиялар трансферін ілгерілету және жоғары білікті мамандар даярлау жөнінде уағдаласты.
Жиынның іскерлік бөлігінде халықаралық сарапшылар мен индустрия өкілдері өздерінің технологиялық шешімдерін ұсынып, орталықтың жұмыс жоспары мен алдағы өзара іс-қимылдың басым бағыттарын айқындады. KazLAE Industrial Research Center қызметі отандық экономиканың нақты секторындағы өзекті мәселелерді шешуге және автономды жүйелерді енгізуге бағытталған.