Қазақстандық ғалымның цифрлық білім беру саласындағы жаңашыл жобалары

Қазақстандық ғалымның цифрлық білім беру саласындағы жаңашыл жобалары

Қазақстандық ғалымның цифрлық білім беру саласындағы жаңашыл жобалары

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған 2026 жыл – Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында Қазақстанда ғылым, білім беру және технология салаларын жаңғыртуға ерекше басымдық беріліп жатыр. «Қазақстандық ғалымдарды білесіз бе?» айдары аясында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры, Физика, математика және цифрлық технологиялар институтының директоры, техника ғылымдарының кандидаты Гүлназ Ибрагимқызы Салғараева туралы баяндаймыз.

Гүлназ Ибрагимқызы 1996 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтын «Математика-информатика пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын осы оқу орнында бастаған. Университет қабырғасында инженер-программистен бастап профессорға дейінгі кәсіби жолдан өтіп, бүгінде институт директоры қызметін атқарып келеді.

Ғалымның негізгі ғылыми бағыттары – білім беруді цифрландыру, бағдарламалау, инклюзивті білім беру және заманауи IT шешімдерді оқу үдерісіне енгізу. Оның авторлығымен 300-ден астам ғылыми еңбек жарық көрген. Олардың қатарында 2 монография, 20 оқулық, 45 оқу құралы, 230-дан астам ғылыми мақала және 20-дан астам авторлық куәлік бар.

Гүлназ Салғараева жоғары оқу орындары мен мектептерге арналған «Python-да программалау», «Графтар теориясы», «Қашықтан оқытудың әдістемесі мен технологиясы», «Есту қабілеті зақымдалған балаларға инклюзивті білім беруде цифрлық технологияны пайдалану», «Ерекше білімге – ерекше шешім», сондай-ақ 6-11 сыныптарға арналған «Информатика» оқулықтарының авторы.

Соңғы жылдары жүзеге асырылған маңызды жобалардың бірі – есту қабілеті зақымдалған балаларға арналған мобильді қосымшаларды әзірлеу бастамасы.

2023-2025 жылдары іске асқан жоба аясында қазақ тіліндегі бейімделген цифрлық қосымшалар, AR технологиясына негізделген шешімдер, электронды оқулықтар мен дамытушы ойындар әзірленіп, білім беру ұйымдарына енгізілді. Бұл ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін сапалы әрі қолжетімді білім алуға жаңа мүмкіндіктер ашты.

Сонымен қатар ғалым жетекшілік еткен жобалардың бірі – латын графикасына көшу үдерісін цифрлық форматта қолдауға бағытталды. Жоба нәтижесінде автоматты түрлендіру платформалары, мобильді қосымшалар, мультимедиалық өнімдер және интерактивті оқыту құралдары әзірленді. Бұл ұлттық жазу реформасын технологиялық тұрғыдан сүйемелдеудегі маңызды қадам болды.

2026 жылы ғалым Еуропалық Одақтың Horizon Europe бағдарламасы аясындағы HUMAN-AI халықаралық ғылыми консорциумы жобасының Қазақстандағы жетекшісі ретінде жұмысын жалғастыруда.

Ғалымның еңбегі жоғары бағаланып, соңғы жылдары бірқатар беделді марапаттарға ие болды. Олардың қатарында «Көшбасшы ғалым» дипломы, Қ.Сәтбаев атындағы төсбелгі, «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» наградасы және «ЖОО үздік оқытушысы» мемлекеттік гранты бар.

Гүлназ Салғараеваның ғылыми қызметі Қазақстандағы білім беру жүйесін жаңғыртуға, цифрлық теңдікті дамытуға және инклюзивті қоғам қалыптастыруға елеулі үлес қосып келеді.