
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек халықаралық ASU+GSV Summit аясында өткен «Future-Ready Nations: Education as Economic Strategy» атты панельдік сессияға қатысты.
Пікірталастың модераторы Arizona State University президенті Майкл Кроу болды. Спикерлер қатарында сондай-ақ Cintana Education негізін қалаушы әрі төрағасы Даг Беккер және ASU профессоры, Корея Республикасының экс-президенті м.а. Джу Хо Ли болды.
Сессия барысында қатысушылар білім берудің экономикалық дамудың негізгі құралы ретіндегі рөлін, цифрландыру жағдайындағы білім беру жүйелерінің трансформациясын, сондай-ақ жасанды интеллектінің болашақ мамандарды даярлауға әсерін талқылады.
Саясат Нұрбек Қазақстанның халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамыту және жетекші шетелдік университеттердің филиалдарын ашу жөніндегі стратегиясын таныстырды. Бұл жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында жүзеге асырылып, жоғары білім сапасын арттыруға және жаһандық білім беру кеңістігіне ықпалдасуға бағытталғаны атап өтілді.
Министр білім беру процесіне жасанды интеллект технологияларын енгізудің маңыздылығын да ерекше атап өтті. Атап айтқанда, цифрлық дағдыларды дамытуға және жаңа технологиялық шындық жағдайында жұмыс істеуге дайын мамандарды даярлауға бағытталған AI-Sana жобасы таныстырылды.
Сонымен қатар «AI-ready» білім беру жүйесін қалыптастыру, онлайн-білім беруді дамыту және бәсекеге қабілетті кадрларды даярлау үшін мемлекет, университеттер мен индустрия арасындағы тиімді өзара іс-қимылды жолға қою мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Пікірталасқа қатысушылар жаһандық өзгерістер жағдайында білім беру елдердің орнықты дамуы мен экономикалық бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын стратегиялық ресурсқа айналып отырғаны жөнінде ортақ пікірге келді.