ҚазҰУ-да «Study in Kazakhstan» республикалық көрмесі өтіп жатыр

ҚазҰУ-да «Study in Kazakhstan» республикалық көрмесі өтіп жатыр

ҚазҰУ-да «Study in Kazakhstan» республикалық көрмесі өтіп жатыр

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен «Study in Kazakhstan» республикалық білім беру көрмесі өтіп жатыр. Ауқымды шараның негізгі мақсаты – болашақ талапкерлерді еліміздегі жоғары білім берудің басымдықтарымен және өзекті білім беру бағдарламаларымен жан-жақты таныстыру.

ҚазҰУ базасындағы көрмеге Қазақстанның 60-тан астам жетекші жоғары оқу орындары мен елімізде ашылған беделді шетелдік университеттер филиалдарының өкілдері жиналды. Күннің алғашқы бөлігінде шараға Алматы мегаполисінің 3500-ден астам мектеп оқушылары мен ата-аналар қатысып үлгерді.

Салтанатты шараның ашылуында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі - академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева сөз сөйледі. Ол өз баяндамасында жаһандық өзгерістер заманында мамандықты саналы түрде таңдаудың стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, университет тарапынан жастардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалып жатқанын жеткізді.

Сондай-ақ талапкерлер алдында ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев пен белгілі ҰБТ сарапшысы Фархат Сұлтабаев бағыт-бағдар беріп, мемлекеттік гранттарды иелену мен мамандық таңдаудағы қателіктерді болдырмау жолдары туралы құнды кеңестерімен бөлісті.

Көрме аясында New York Film Academy, Coventry University, The University of Arizona және City University of Hong Kong сияқты әлемдік деңгейдегі оқу орындарының филиалдары өз бағдарламаларын кеңінен таныстырып жатыр.

Айта кетейік, көрме жұмысы кешке дейін жалғасады. Оқушылар үшін тек ақпараттық кеңестер ғана емес, сонымен қатар ҰБТ сарапшыларының шеберлік сабақтары мен университет қалашығы бойынша қызықты кампус-турлар ұйымдастырылады. Көрме барысында жоғары сынып оқушылары мен ата-аналарға мемлекеттік гранттар, оқу шарттары және жұмысқа орналасу мүмкіндіктері бойынша мамандардан тікелей кеңес алу мүмкіндігі берілді.