Университеттік ғылым Солтүстік Қазақстандағы аграрлық технопарктің негізіне айналады

Университеттік ғылым Солтүстік Қазақстандағы аграрлық технопарктің негізіне айналады

Университеттік ғылым Солтүстік Қазақстандағы аграрлық технопарктің негізіне айналады

Қытай халықаралық білім беру көрмесі аясында ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова бастаған делегацияның Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті өкілдерімен және Хэнань ауыл шаруашылығы инвестициялық тобының бас директоры Чэнь Хуайань жетекшілік еткен делегациясымен кездесуі өтті.

Кездесу барысында тараптар «Қазақстан-Қытай аграрлық технологиялар және экспорттық даму технопаркі» жобасының іске асырылу барысын, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, ғылым және инновациялар саласындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, ғылыми әлеует экономиканы дамытуға тиімді қызмет етіп, нақты практикалық нәтиже беруі тиіс. Осы тұрғыда аталған жоба ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізуге және тұрақты агроиндустриялық экожүйе қалыптастыруға бағытталған.

Жоба аграрлық секторды кешенді дамытуды көздейді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру, селекция және тұқым шаруашылығын дамыту, механикаландыру, автоматтандыру және цифрландырудың заманауи технологияларын енгізу, жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді қолдану, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту, экспорттық тізбектерді кеңейту және өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру қарастырылған. Жобаны іске асыру азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, өңірлік экономиканы дамытуға және білікті кадрлар даярлауға ықпал етеді.

Аталған жоба – Орталық Азиядағы университеттің ғылыми әлеуетін, инвестициялық ресурстарды және Қытай тарапының озық технологияларын біріктіретін алғашқы кешенді аграрлық технопарк.

Бастама СҚО әкімдігінің және Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады. Жобаның негізгі алаңы – Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, оның базасында ғылыми зерттеулер, тәжірибелік жұмыстар және мамандар даярлау жүргізілмек.

Жобаны іске асыруға негіз болған құжат – 2025 жылғы қарашада Бейжің қаласында СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов бастаған делегацияның Қытайға сапары барысында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандум. Бірқатар елдердегі, соның ішінде Өзбекстан, Малайзия және Қырғызстандағы жағдайларға жүргізілген салыстырмалы талдау нәтижесінде қытай тарапы жобаны Солтүстік Қазақстан облысында жүзеге асыру туралы шешім қабылдады. Осы мақсатта қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген 61 гектар жер учаскесі бөлінді.

Жоба екі кезеңде іске асырылады. Бірінші кезеңде технопарк инфрақұрылымы мен ғылыми-өндірістік база құру жоспарланған. Қытайлық серіктес тарапынан инвестициялар көлемі шамамен 10 млн АҚШ долларын құрайды. Жалпы ауданы 35 мың шаршы метрге жуық нысандарды, оның ішінде ғылыми-зерттеу және әкімшілік ғимараттарды, жатақханаларды, қойма кешендерін, жылыжайларды және ауыл шаруашылығы техникасына арналған инфрақұрылымды салу көзделген.

Сонымен қатар технопарктің құрылысы, басқарылуы және одан әрі дамуын қамтамасыз ететін бірлескен кәсіпорын құрылатын болады. Университет жобаға ғылыми сүйемелдеу көрсетіп, зерттеулер жүргізу, технологиялар әзірлеу, білім трансфері және мамандар даярлау жұмыстарын жүзеге асырады.

Қазіргі уақытта жоба іске асыру кезеңінде және алдағы уақытта тараптар ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуді көздеп отыр. Бұл бастама Қазақстанның аграрлық секторын дамытуға және Қазақстан-Қытай стратегиялық әріптестігін нығайтуға елеулі үлес қосады.