Ғылым – қоғам игілігіне: қазақстандық ғалымдар қалалық экологияны бақылаудың инновациялық жүйесін ұсынды

Ғылым – қоғам игілігіне: қазақстандық ғалымдар қалалық экологияны бақылаудың инновациялық жүйесін ұсынды

Ғылым – қоғам игілігіне: қазақстандық ғалымдар қалалық экологияны бақылаудың инновациялық жүйесін ұсынды

12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі «Ғылым – қоғам игілігіне» атты арнайы айдарды іске қосты. Аталған бастама аясында қазақстандық ғалымдардың ғылыми жобалары туралы бейнематериалдар легі ұсынылады.

Қазіргі таңда Қазақстанда экономиканың қарқынды дамуы, табиғи ресурстарды игеру және урбанизация үдерістері қоршаған ортаға түсетін жүктемені айтарлықтай арттырып отыр.

Халықаралық тәжірибе ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану экологиялық ахуалды жедел бақылауға және тиімді басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретінін көрсетіп отыр. Осыған орай Satbayev University базасында қалалық ортаның экологиялық мониторинг жүйесін әзірлеу жобасы жүзеге асып жатыр.

Жобаның негізгі мақсаты – қалалық ортадағы экологиялық жағдайды тұрақты бақылауға арналған цифрлық инфрақұрылым қалыптастыру және халық денсаулығына төнетін қауіптерді азайту. Жоба аясында ауа мен судағы ластану көздерін анықтау, ластаушы заттардың құрамын талдау, шу деңгейін өлшеу, көлік жүктемесін бағалау, жылу шығыны жоғары аймақтарды айқындау және экологиялық деректерді карталау функцияларын қамтитын кешен әзірленеді.

Жобаның басты ерекшелігі – екі негізгі өнімнен тұратын кешенді шешім. Бірінші өнім – ластану көздеріне тікелей жақындап, өлшеулер жүргізіп, алынған деректерді нақты уақыт режимінде уәкілетті органдарға жеткізіп тұратын ұшқышсыз ұшу аппараты.

Екінші өнім – қаланың экологиялық жағдайын жан-жақты бағалап, орташа жылдық көрсеткіштерді есептеп, алдағы бес жылға арналған денсаулық тәуекелдерін болжауға мүмкіндік беретін цифрлық карта.

Жобаның IT-әзірлеу жетекшісі Глеб Красновтың айтуынша, әзірлеме Равиль Мухамедиев жетекшілік ететін ғылыми зертхана базасында жүзеге асып жатыр. Цифрлық карта жасанды интеллект технологияларына негізделген және датчиктер орнатылмаған аумақтардағы деректерді модельдеу арқылы толықтырып, қаланың экологиялық жағдайына кешенді баға беріп отыр.

Сонымен қатар жоба шеңберінде экологиялық деректерді өңдеу, жіктеу және карталау бойынша бағдарламалық шешімдер әзірлеу, сондай-ақ осы бағытта білікті мамандар даярлау жұмыстары қатар жүріп жатыр.

Жобаны іске асыру экологиялық мониторингтің тиімділігін арттырып, басқарушылық шешімдердің сапасын жақсартып, халық денсаулығына төнетін қауіптерді төмендетуге ықпал етіп отыр.