
10 сәуірде Бейжің қаласында шетелде білім алу мәселелеріне арналған China Study Abroad Forum (CSAF 2026) халықаралық форумы және China International Education Exhibition Tour 2026 (CIEET 2026) білім беру көрмесі өтті. Аталған іс-шараларға ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенованың жетекшілігімен қазақстандық делегация алғаш рет қатысты. Делегация құрамына жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің 27 отандық ұйымының өкілдері енді.
Форум аясында вице-министр Қазақстан Республикасындағы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінің қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы баяндама жасап, академиялық ынтымақтастықты кеңейту және Қазақстандағы шетелдік жоғары оқу орындары филиалдарының қызметін дамыту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде қатысушыларды хабардар етті.
Форум жұмысына Қытай, АҚШ, Ұлыбритания, Ресей Федерациясы, Аустралия, Сингапур, Италия, Испания, Грекия, Малайзия, Вьетнам және басқа да елдердің білім беру ұйымдары мен бейінді құрылымдарының өкілдері қатысты. Іс-шараға қатысушылардың жалпы саны 500-ден асты.
Көрмеде Қазақстан «Kazakhstan – the Territory of Academic Knowledge» ұлттық білім беру павильонымен ұсынылды. Ұлттық павильон алаңында қазақстандық жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларын ілгерілетуге және шетелдік талапкерлер арасында отандық жоғары білімнің тартымдылығын арттыруға бағытталған таныстырылым іс-шараларын қамтитын Study in Kazakhstan біріккен экспозициясының жұмысы ұйымдастырылды.
Қазақстанның CIEET 2026 көрмесіне қатысуы алғаш рет жүзеге асырылып отыр және ұлттық жоғары білім беру жүйесін халықаралық деңгейде ілгерілетуге, білім беру қызметтерінің экспорттық әлеуетін дамытуға, сондай-ақ халықаралық академиялық әріптестікті кеңейтуге бағытталған.
Айта кету керек, China International Education Exhibition Tour халықаралық көрмесі 1999 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді және Азия өңіріндегі ең ірі білім беру алаңдарының бірі болып саналады. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, биыл 50 мыңнан астам келуші мен білім беру қауымдастығы өкілдерінің қатысуы күтіледі.