10 сәуір күні Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясында Ғылым қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Аталған іс-шара Алматы қаласындағы «Ғылым ордасы» ғимаратында өтіп, отандық ғылымның жетістіктерін дәріптеуге, ғылыми қауымдастықтың әлеуетін танытуға бағытталды.
Шара аясында Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Ғалымдар аллеясына» ағаш көшеттері отырғызылып, бұл бастама ғылым мен табиғат үндестігінің символына айналды.
Салтанатты жиынға Алматы қаласы әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академиктері, жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, жетекші ғалымдар, жас зерттеушілер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында академиктер ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін таныстырып, медицина, биотехнология, археология, генетика және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру салаларындағы өзекті мәселелерді қамтыған мазмұнды баяндамалар жасады.
Сонымен қатар отандық ғалымдар мен өнертапқыштардың ғылыми жетістіктері ұсынылған ғылыми-танымдық көрме ұйымдастырылып, онда инновациялық жобалар, жаңа технологиялар мен «Ғылым қоры» АҚ гранттық бағдарламалары аясында жүзеге асқан өнімдер кеңінен таныстырылды. Көрме қатысушыларға ғылыми жаңалықтармен танысып қана қоймай, әріптестік байланыстар орнатуға мүмкіндік берді.
Жиын қорытындысында ғылымды дамытуға елеулі үлес қосқан ғалымдар мен жас зерттеушілер ведомствалық наградалармен марапатталды.
Бұл айтулы іс-шара еліміздің ғылыми қауымдастығы үшін маңызды алаңға айналып, ғылымның ел дамуы жолындағы стратегиялық рөлін тағы бір мәрте айқындап берді.