
ҚР Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылыми әлеуетті дамытуға, кадрлық құрамды нығайтуға және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруды ынталандыруға бағытталған жүйелі мемлекеттік саясаттың іске асырылу қорытындыларын шығарып отыр.
Соңғы жылдары елдегі ғылым саласы тұрақты оң динамиканы көрсетіп жатыр. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) жұмсалатын ішкі шығындар екі еседен астам өсіп, 2023 жылғы 121,5 млрд теңгеден 2026 жылға қарай 260 млрд теңгеге жетті. Бұл мемлекет тарапынан ғылыми сала мен инновациялық экономиканы дамытуға басымдық беріліп отырғанын айғақтайды.
Сонымен қатар кадрлық әлеуеттің айтарлықтай өсуі байқалады. 2025 жылы ҒЗТКЖ-мен айналысатын қызметкерлер саны 28 374 адамды құрап, 2021 жылмен (21 782 адам) салыстырғанда 30%-ға артты. Жас ғалымдардың үлесі едәуір көбейді: 2021 жылғы 7 525 адамнан (35%) 2025 жылы 13 592 адамға (48%) жетті. Бұл ғылыми ортаның жасарып келе жатқанын және ғылымның жастар үшін тартымдылығы артқанын көрсетеді. Зерттеушілердің орташа жасы 47,3-тен 44 жасқа дейін төмендеді.
Ғылыми кадрлардың сапалық құрамы да нығайып келеді: елімізде 2005 ғылым докторы, 4855 ғылым кандидаты, 4862 философия докторы (PhD) және 131 бейіндік доктор бар. Сонымен қатар ғылыми қызметкерлердің 56%-ын әйелдер (13 575 адам) құрайды, бұл ғылымдағы гендерлік теңгерімнің жоғары деңгейін көрсетеді.
Мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі – ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру және оларды экономиканың нақты секторына енгізу. 2025 жылы 1104 ғылыми зерттеу аяқталды, оның ішінде 572-сі қолданбалы, 532-сі іргелі зерттеулер. Аяқталған қолданбалы зерттеулердің 35,8%-ы коммерцияландырылған. Қазіргі таңда 205 коммерцияландыру жобасы іске асырылып, 65 жаңа келісімшарт жасалды.
Қазақстандық ғалымдар жоғары экспорттық әлеуеті бар нақты нәтижелерге қол жеткізіп жатыр. Мәселен, Satbayev University Металлургия институтының технологиясы бойынша «Қазақмыс Прогресс» ЖШС базасында алғаш рет вакуумдық дистилляция әдісімен тазалығы 99,5% болатын СТ-1 маркалы техникалық селен өндірілді. Бұл өнімнің қосылған құнын 30%-дан 97%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді. 2025 жылғы қаңтарда Қытайға 99,5%-дан жоғары тазалықтағы 100 тоннадан астам тазартылған селен экспортталды.
Nazarbayev University ғалымдары отандық шикізаттан литий-ионды аккумуляторларға арналған катод материалдарының прекурсорларын алу технологиясын әзірледі. Әлеуетті өндіріс көлемі 40 млрд АҚШ долларына бағаланды, бұл Қазақстанға аккумулятор компоненттерінің жаһандық жеткізу тізбегіне қосылуға мүмкіндік береді.
Ғылым мен бизнес арасындағы ынтымақтастық та қарқынды дамып келеді. «Қазгидромедь» ЖШС жанынан «Қазақмыс» компаниясының R&D орталығы іске қосылып, сілтісіздендіру технологияларын әзірлеуге бағытталған. Сонымен қатар Аризона университеті, Қозыбаев университеті және «ҚазМұнайГаз» АҚ ғалымдары күкіртті жоғары қосылған құны бар жаңа материалдарға айналдыру жобасын бірлесіп жүзеге асырады.
Жеке сектордың ғылымға қосқан үлесі де артып келеді. 2025 жылғы қорытындысы бойынша ғылыми жобаларға салынған жеке инвестициялар көлемі 24 млрд теңгеге жетіп, қосымша 8,8 млрд теңге тарту жоспарланған. Жобалар аяқталған кезде жеке қаржыландыру үлесі 32%-ға дейін өседі.
Мемлекет ғалымдарды қолдау шараларын жүйелі түрде күшейтіп келеді. 2025 жылы ғылым саласында 6 сыйлық, 75 мемлекеттік ғылыми стипендия (оның ішінде 50-і жас ғалымдарға) берілді. Сондай-ақ «Үздік ғылыми қызметкер» атағы 50 зерттеушіге табысталды. 250 ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтуге грант алды.
Әлеуметтік қолдау шараларына ерекше назар аударылып келеді. 2025 жылы 271 жас ғалымға тұрғын үй кілті табысталды: оның ішінде 192 пәтер «Отбасы банк» АҚ арқылы несиелік бағдарламалар аясында, ал 79 пәтер Алматы қаласында Мемлекет басшысының тапсырмасымен өтеусіз негізде берілді.
2024 жылғы 1 шілдеден бастап ғылыми дәрежелері мен атақтары үшін 17-ден 50 АЕК-ке дейін қосымша төлемдер енгізіліп, ғылыми қызметкерлердің материалдық ынталандырылуы күшейтілді. Сонымен қатар жеке инвестицияларды тарту мақсатында ҒЗТКЖ-ға 300%-ға дейінгі салықтық супержеңілдіктер енгізілді.
Институционалдық деңгейде маңызды реформалар жүзеге асырылды, атап айтқанда 2024-2025 жылдары «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заңның күшіне енуін, ҚР Ұлттық Ғылым академиясын қайта іске қосуды, ЮНЕСКО-ның Орталық Азия гляциологиялық орталығы туралы келісімді ратификациялауды және жер қойнауын пайдаланушылардың ҒЗТКЖ 1% орталықтандырылған тетігін енгізуді қоса алғанда негізгі институционалдық өзгерістер іске асырылды.
Халықаралық ынтымақтастық та нығайып келеді. 2025 жылы Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті Horizon Europe бағдарламасының жеңімпазы атанған алғашқы қазақстандық жоғары оқу орны болды. Университет 12 елден 25 ұйым қатысатын, жалпы бюджеті 8 млн еуроны құрайтын TiBeRIUM жобасына қосылды.
Сонымен қатар 2024-2025 жылдары 13 ғылыми-технологиялық сессия өткізілді. 2025-2027 жылдары 268 жаңа коммерцияландыру жобасы іске қосылып, оның 260-тан астамы нарыққа шығарылды.
Осылайша, қабылданып жатқан мемлекеттік шаралар практикалық нәтижеге бағытталған, жаһандық ғылыми кеңістікке ықпалдасқан және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосатын тұрақты ғылыми экожүйені қалыптастырады.