Ғылым апталығы: Дулати университетінде жаңа ғылыми-зерттеу зертханасы ашылды

Ғылым апталығы: Дулати университетінде жаңа ғылыми-зерттеу зертханасы ашылды

Ғылым апталығы: Дулати университетінде жаңа ғылыми-зерттеу зертханасы ашылды

Бүгін, 9 сәуір күні, М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті базасында «Материалдар сапасы және композициялық материалдар» ғылыми-зерттеу зертханасы ашылды. Ресурсты үнемдеуші технологияларды дамытуға және қайта өңдеу өнеркәсібіне ғылыми шешімдерді енгізуге бағытталған жоба BR24992867 ғылыми-техникалық бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.

Салтанатты іс-шараға ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты. Атап айтқанда, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті профессорлары Роза Мирзамуратова мен Динара Дайрабай, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті профессоры Асқар Абдуалы, сондай-ақ университеттің профессор-оқытушылар құрамы қатысты.

Зертхананың ресми ашылу рәсіміне ғылым және цифрландыру жөніндегі проректор Сейтжан Орынбаев пен «Тараз былғары аяқ киім» ЖШС директоры Еркін Абдыбаев қатысып, зертхананың жұмысын бастады. Сейтжан Орынбаев өз сөзінде жаңа зертхананың университеттің ғылыми әлеуетін арттырудағы маңызын атап өтті. Ал Еркін Абдыбаев жобаның өндіріс үшін практикалық тиімділігіне тоқталып, оның өнім сапасын арттыруға ықпал ететінін жеткізді.

Жаңа ғылыми-зерттеу зертханасы жеңіл өнеркәсіп саласына арналған материалдар мен дайын бұйымдардың сапасын кешенді түрде зерттеуге бағытталған. Зертхана заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіліп, материалдардың физика-химиялық қасиеттерін жоғары дәлдікпен анықтауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, мұнда жүн және түрлі талшықты материалдардың сапасы сарапталып, олардың ауа және бу өткізгіштік деңгейі, беріктігі, отқа төзімділігі және өзге де маңызды көрсеткіштері бойынша сынақтар жүргізіледі. Бұл өз кезегінде отандық өндіріс өнімдерінің сапасын арттыруға және халықаралық стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Сонымен қатар зертхана жас ғалымдар мен докторанттар үшін ғылыми зерттеулер жүргізуге арналған маңызды алаңға айналмақ. Жоба ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, ғылыми нәтижелерді нақты өндірісте қолдануға жол ашады.