
Бүгін «Ғылым декадасы – 2026» онкүндігінің аясында Абай университінде Abai Business Club-тың ресми ашылуы өтті. Бұл бастама университет қабырғасындағы ғылымды коммерцияландыруды жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Іс-шараға бизнес және инновация саласының өкілдері, стартап байқауларының жеңімпаздары, жас кәсіпкерлер мен университет қауымдастығы қатысты.
Бизнес клубтың ашылуына орай «Стартап: идеядан нарыққа дейінгі жол» тақырыбында стратегиялық сессия ұйымдастырылды. Мұнда тәжірибе алмасуға қолайлы экожүйе қалыптастыру және жобаларды нарыққа жедел шығарудың нақты тетіктері талқыланды. Сарапшылар стартап жобаларды қолдау – қаржыландыру көздерін тарту және нарық талаптарына бейімдеу жолдарын ортаға салды. Мәселен, Abai Fresh сусындары өткен жылы сынақтан өтіп, бүгінгі күні нарыққа шығуға дайын. Құрамы табиғи дәрумендерге бай сусынның басты артықшылығы – қолжетімді баға мен сапаның үйлесімі. Идея авторлары алдағы уақытта өнімді білім беру ұйымдарында сатылымға қойып, одан кейін нарыққа шығаруды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар «Smart балалар асханасы» жобасы дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыруға бағытталса, органикалық қалдықтарды қайта өңдеу арқылы биогумус өндіру – экологиялық мәселелерді тиімді шешуге мүмкіндік береді. Ал «Бірлік шеберханасы» – инклюзивті білім беру мен әлеуметтік бейімдеуді ұштастырып, қоғамдағы маңызды бағытты қамтиды.
Сараптамалық бөлімде Startup бизнес-инкубаторының директоры Владимир Попов стартаппен айналысудың маңыздылығына тоқталып, жастарға арналған мемлекеттік қолдау тетіктері туралы айтты. Стартапты іске асыру кезеңдерін және тиімді командалық жұмыстың маңызын нақты мысалдармен түсіндірді. Қазақстанның бизнес-инкубаторлар мен акселераторлар қауымдастығының бірінші вице-президенті Ерболат Оразбекұлы жас кәсіпкерлерге стратегиялық ойлау, тәуекелге бару және нарықта дұрыс бағдар алу жөнінде тәжірибелік кеңестерін ұсынды.
Абай университетінің Зерттеу қызметі және инновация жөніндегі проректоры Ертай Сұлтан бірлескен жобалар төңірегіндегі сараптамалық пікірлерді ескере отырып, алдағы уақытта жан-жақты дамыту жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.
Abai Business Club-тың тұсаукесері университет ішіндегі кәсіпкерлік экожүйені жүйелі түрде дамытуға бағытталған маңызды қадам. Бұл – идеядан бастап дайын өнімге дейінгі жолды қысқартуға, жас стартапшылардың әлеуетін ашуға және оларды нақты нарық талаптарына бейімдеуге арналған мүмкіндік алаңы.